БӘРЕКЕЛДІ. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДОДАДА ТОП ЖАРДЫ

Уақыты: 17.04.2023
Оқылды: 694
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінгі жаһандану кезеңінде аспан әлемін зерттеп, ғылым атаулыға бірдей қалам тартқан, толымды еңбек қалдырған әл-Фараби сынды ғұламаларымыздың топырағында білімді жастар көптеп түлеуде. Ғылыми көзқарасы орныққан, бірегей қарым-қабілетке ие жастар әлем назарын өзіне аудартып, біршама байқауда топ жарып келеді. Аталған ойға кейіпкер ретінде Рамазан Әміре мен Сымбат Барсағазыны айта аламыз.

Рамазан Әміре мен Сымбат Барсағазы бүгінде Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS-та оқып жатыр.  Бұл 8-сынып оқушылары жақында ғана өздері құрастырған «Aenoica» жобасы арқылы әлемнің үздік зымыран құрастырушылары арасынан топ жарып, үздік атанды.

АҚШ-тың NASA халықаралық ғарыш агенттігі өткізген аталмыш байқауға 26 мың оқушы қатысып, өзара бақ сынасқан екен. Осындай аса ауқымды байқауда 1-орын алған қазақ оқушылары Рамазан мен Сымбат көптен бері ғарыш тақырыбына әуестене бастаған.

Қызығушылық пен талмай ізденгендіктерінің арқасында  талантты жастар 300 мың тұрғынның үйіне айналатын стансы құрып, технологиялық дамыған агромәдениет арқылы жайлы, қолайлы тіршілік қалыптастыруды көздейтін жоба әзірлеген. Қазақ ұғымында «Шексіздік» мағынасын беретін аталмыш жоба кураторы, 11-сынып оқушысы Райымбек Әбілбектің айтуынша, идея жаңа технологияларды енгізуге негізделген.

«Біз 300 мың тұрғынның үйіне айналатын стансы құрып қана қоймай, кванттық коммуникацияларды, технологиялық дамыған агрокультураны пайдалана отырып, тіршілікті қамтамасыз ету жүйесін құрдық. Біздің жоба үздіктер қатарына енгеніне қуаныштымын», – дейді Райымбек. Ал, әлемдік бәсекеде маңдайы жарқыраған Рамазан Әміре:

– Біздің басты артықшылығымыз – ғарыш стансымыздың құрылымы. Бұл кванттық вакуум деп аталады. Адамдар ғарышта интернетті қалай қолдана алады, бір-біріне ақпаратты қалай жібереді, бұл жобада соны қарастырдық, – деп жобаны түсіндірді. Өз кезегінде Сымбат Барсағазы да жоба туралы баяндап, «артықшылығы – ғарыш орталығы өз-өзіне электр энергия беруінде» деп түсіндірді.

Қос жеңімпаз «Байқоңыр» ғарыш айлағында өткен жарыста да бақ сынаған. Алматылық бұл топ 2 апта ішінде 150 зымыран құрастырған.

Дәстүрлі түрде 7-11-сынып оқушылары арасында өткізіліп келе жатқан дода рекордтық көрсеткішке жетіп, 4567 команда бақ сынасқан екен. Осынау аламанда 1-орын иегері атанған жеңімпаз жерлестеріміздің бірі Рамазан Әміре ғасырдан астам тарих түзген «Жетісу» гезеті бас редакторы болып абыройлы еңбек еткен  ардагер журналист, алты Алашына «айбоз» ақын деп танылған Әміре Әрін ағамыздың немересі екенін мақтанышпен айтқымыз келеді.   

Айғаным АЙТМҰХАН