"Халықтық қадағалауға түскендеріңізді ұмытпаңыздар!":Түйткілді мәселелер талқыланды

Уақыты: 18.04.2023
Оқылды: 575
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов құрылыс саласындағы жобаларды жүзеге асырушы мердігерлермен кездесіп, түйткілді мәселелерді талқылады.

Аудан әкімінің орынбасарлары, тапсырыс беруші аудандық бөлімдер мен мекемелердің басшылары және жауапты мердігер компаниялардың, авторлық бақылау, техникалық қадағалау мекемелерінің мамандары қатысқан жиында ауданда салынып жатқан нысандардың мерзімінде берілуі, құрылыстың сапалы атқарылуы және туындап жатқан өзекті мәселелерді шешу жолдары қарастырылып, межелеген жұмыстарды жоспарланған мерзімде аяқтау тапсырылды.

Әрбір маманның ой-пікірін біліп, қажет болса қолдау көрсететінін жеткізген Қанат Болатұлы ел игілігіне қызмет ететін жобалардың сапалы салынуы, бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуы үнемі жіті назарда екенін баса айтты. Осыған орай аудан әкімі әр елді мекенде өткен кездесулерінде тұрғындарды салынып жатқан құрылыстың басына жиі барып, атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалап отыруға шақырғанын атап өтті.

– Аудан жұртшылығының игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстарға немқұрайды қарамауларыңызды сұраймын. Ауданда істеліп жатқан шаруа көп, бір кемшілікті байқасақ, басқа нәрсе көзден таса қалуы мүмкін. Сол себепті, сіздер де бізбен бірге құрылыстың басы-қасында болып, жұмыстарды қадағалап отыруға шақырамын. Бұл ойымды ауылдардағы кездесулерде арнайы айтып та жүрмін. Яғни, салынатын құрылыстың сапасына жауапты мамандардың жұмысы екі еселенген бақылауға алынып отыр. Ең бастысы, халықтық қадағалауға түскендеріңізді ұмытпаңыздар! Сондықтан Күреңбел өңірінде салынуы тиіс нысандарды сапалы тұрғызады деп сенеміз, – деген аудан әкімі құрылысқа жауапты мамандарға жауапкершілік жүктеді.

Кездесуде құрылыс материалдарының қымбаттауы, жұмыс күшінің жетіспеуі сынды өзекті мәселелерді шешудің жолдары қарастырылып, қойылған сауалдарға жауап берілді.

Раушан Бейсембекова,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы
Сарыөзек ауылы,
Кербұлақ ауданы