Қаңтар оқиғасында қаза болғандардың отбасына қомақты қаржы берілді

Уақыты: 19.04.2023
Оқылды: 475
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

“Қазақстан Халқына” қоры Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен 614 азаматқа қаржылық демеу берді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы

Қордың мәліметіне сүйенсек, жалпы соммасы 2 миллиард 434 миллион теңге 614 азаматқа бөлінген. Оның ішінде кездейсоқ қаза тапқан 145 азаматтың отбасына 1 миллиард 15 миллион теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетіліп отыр. 

Ал кездейсоқ қайтыс болған азаматтардың отбасыларындағы кәмелетке толмаған 131 балаға – 262 миллион теңге бөлінді. 

Атыс қаруынан жарақат алған және жәбірленуші деп танылған ауыр жарақат алған кәмелетке толған 202 азаматқа – 606 миллион теңге және жарақат алған 13 баланың отбасыларына – 39 миллион теңге берілген. 

Сонымен қатар қаза тапқан 19 әскери қызметшінің отбасыларына, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлеріне – 133 миллион теңге, ауыр жарақат алған 111 әскери қызметкерге, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне – 333 миллион теңге және қайтыс болған әскери қызметкерлердің, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасындағы 23 кәмелетке толмаған балаға – 46 миллион теңге көлемінде демеу көрсетіліп отыр.