Жыл басынан бері төрт мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды

Уақыты: 20.04.2023
Оқылды: 484
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тұрғындардың жеке кәсібін ашып, нәпақасын табуына үкімет барынша қолдау көрсетіп келеді. Орта және шағын кәсіпкерлік дамып, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар қатары өсті. Олар өздерімен қоса басқалардың да табыс табуына мүмкіндік тудыруда.  Осы орайда облыстық халықты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы атқарып жатқан жұмыстарға шолу жасап көрдік.

Бұл мәселелерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударып, зейнетақы, әлеуметтік көмек көрсетуді басты орынға қойып отырғаны баршаға мәлім.  Мүмкіндігі шектеулі адамдардың  қоғамда  басқалармен тең өмір сүруіне барлық жағдай жасалуда. 

Бүгінде облыс халқының саны 698,8 мың адамды құрайды. Соңғы 5 жылда экономикалық белсенді халық саны 1,5 есе өсіп, 336,9 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі – 5,1% мөлшерінде.

Облыстық халықты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, өңірде  2023 жылы 31 560 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.  Оның ішінде 21 558  адам тұрақты жұмысқа орналасуы тиіс.  Статистика бойынша, 2023 жылдың 1 сәуіріндегі мәліметте  9 726 адам жұмыспен  қамтылған. Жыл басынан бері облыста 3 719 тұрақты жұмыс орны құрылған. Кәсіпкерлікке кең қолдау көрсетудің нәтижесінде көптеген адам өзін және жан-жағындағыларды еңбекпен қамтып отыр. Бұл орайда кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021– 2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде 8 427 адам «екі қолға бір күрек» тапқан. 

Әлеуметтік көмек беруге арналған  бағдарламалардың нәтижесінде 156 адамға  400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде  грант берілген. Жастарға төменгі пайызбен несие беру де  жаңа кәсіпкерліктің ашылуына негіз болуда. Осындай қолдаулардың нәтижесінде 35 жасқа дейінгі жастарға 2,5 пайызбен микрокредит беру жоспарлануда. Бүгінде комиссия қарауына 66 жоба келіп түскен. Мұның да өз ісін дөңгелете алмай жүрген адамдарға беретін өз жеңілдіктері бар. 

Халықты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының атсалысуымен  "Ауыл аманаты" жобасы іске асырылуда.   Жоба аясында ауыл тұрғындарына  2,5%-бен микрокредит беріледі. Жауапты мамандардың сөзінше, жоба шеңберінде ағымдағы жылы барлығы 704 жұмыс орны құрылып,  664 шағын несие беру жоспарлануда. Жобаға халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы аналарды тарту көзделіп отыр.

 Қоғамның барлық мүшесі тең дәрежеде өмір сүруге құқылы. Ерекше адамдардың жағдайын жасау да  Үкіметтің міндеті. Елдегі ең маңызды міндеттердің  бірі – мүгедектігі бар адамдарды мемлекеттік қолдау.

Облыс бойынша мүгедектігі бар 22,3 мың азамат тіркелген. Әлеуметтік сала мамандарының айтуынша,  осы санаттағы азаматтар үшін әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 55 түрлі техникалық оңалту құралдары мен әлеуметтік қызмет көрсетіледі.

Бүгінде оңалту құралдары және әлеуметтік қызметтер негізінде көмек көрсету үшін 4,1 млрд. теңге бөлінген. Бұған санаторлық-курорттық емдеу, жеке көмекшінің қызметі, арнайы көлік құралдары және басқа да көмек түрлері жатқызылады.

Мүгедектігі бар тұлғалардың құқықтарын қорғау мен өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында облыста 15 үкіметтік емес ұйыммен бірлесіп 26 арнайы «Инватакси» қызметі ұсынылады. Оның ішінде, «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы облысқа  3 «Инватакси» берілді. Сонымен қатар, 10 жаңа «Инватакси» автокөлігін сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 290 млн. теңге қаражат бөлінді. Соңғы келіп жатқандары  адамның көлікке кіруіне, отыруына ыңғайлы. Яғни, көліктің санына емес, сапасына да көңіл бөлінуде. 

Халықты әлеуметтік қорғау шеңберінде облыстағы 78 мың азаматқа  5,9 млрд. теңгеге түрлі әлеуметтік көмек көрсету жоспарлануда. Биыл 1 сәуірге дейін 5 мың отбасыға жалпы көлемі 548 млн. теңгеге атаулы әлеуметтік көмек және 6816 балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай төлем берілді.

Бұдан басқа, әлеуметтік көмекпен жекелеген санаттағы азаматтар және басқа мемлекеттер аумағындағы жауынгерлік қимылдардың ардагерлері қамтылған. Облыс орталығында 2020 жылдан бастап көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды қолдау үшін "Жанұя" орталығы табысты жұмыс істейді.

Сондай-ақ, жыл басынан бастап "Табысты Отбасы" жобасы аясында "Самұрық-Қазына" компаниясының қолдауымен Жетісу облысының 60 отбасы өз кәсібін ашуға жалпы көлемі 300 млн. теңгеге қажетті құрал-жабдық алды. Халыққа арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету аталмыш басқарманың бір міндетіне жатады.  Облыста стационар және жартылай стационарлық үлгіде  жұмыс істейтін 13 арнаулы мемлекеттік  мекеме бар.  Бұл мекеме өмірде қиын  жағдайға тап болған 1,5 мыңнан астам адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 10 үкіметтік емес ұйым стационар, жартылай стационар, үйде қызмет көрсету жағдайында осы жұмыспен айналысады. Арнаулы ұйымдар арқылы  300 адамға әртүрлі деңгейде жәрдем беріледі.  Соңғы жылдары Қаратал, Сарқан, Алакөл және Панфилов аудандарында мүгедектігі бар балаларға арналған  180 орынды төрт күндізгі орталық ашылғаны баршаны қуантты. Орталықта оңалту қызметтерімен қатар жатын орындар қаралған.      

Ағымдағы жылдың сәуір айында "Қамқорлық" қорымен бірлесіп Талдықорған қаласында аутизм кеселі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған 125 орынды орталық ашу жоспарлануда. Ерекше балалардың емделу, қоғамға бейімделу орталықтары талапқа сай жабдықталуы тиіс. Онда балалардың денсаулығы, қоршаған ортаны тануы, табиғатты тамашалауы қарастырылады. Осыған орай өткен жылы  Талдықорған "Қамқор" стационарлық үлгідегі арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының аумағы 75 млн. теңгеге абаттандырылды. Мұнда балалар түрлі ағаштар мен гүлдердің саясында ойнап,  қызықтайды. Сондай-ақ, 5 мекемеге тірек-қимыл аппаратын дамыту үшін балалардың бұлшық ет және иммундық жүйелерін нығайтатын заманауи оңалту жабдықтары сатып алынғаны белгілі.

Тұрғындар зейнетке шыққан соң бір-бірімен араласып, дойбы ойнап, ән салып, әңгімелесіп отыратын орта іздейді. Біздің қоғамда бұл мәселе де назардан тыс қалмайды.  Мысалы, аға буын өкілдерінің өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында Талдықорған қаласында белсенді ұзақ өмір сүру орталығы  жұмыс істейді. Жақында облыс әкімі Бейбіт Исабаев аталмыш орталыққа барып, ата-апалармен кездесті. Жағдайларын білді. Апаларға жастарды тәрбиелеуге көмектесулерін сұрады.  Биыл  аталған орталықта ай сайын 120 адам бос уақытын тиімді өткізуде. Олар  йога сабағы, фитнес орталықтарға бару, музыкалық үйірме, еңбек терапиясына қатысу мүмкіндігіне ие.  Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру, психологиялық және құқықтық көмек көрсету мақсатында ағымдағы жылдың басынан Талдықорған қаласында "ТеңҚоғам"орталығы  ашылды. Орталыққа 2022 жылы  мүгедектігі бар 232 адам жүгінген. Барлығының мәселесі шешілген. Олардың біразы тұрақты жұмыс сұраса, енді біреулері "Электронды үкімет порталы" арқылы өзіне керек-жарақ алуға сұраныс жасаған. 

Халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік мәселелерін шешуде қыруар шаруа атқарылуда.  Бәрі адам игілігі үшін. Әлеуметтің әлеуетін арттыру Үкіметтің басты міндеті болып  қала бермек.

Гүлжан ТҰРСЫН