Мәселе. Талдықорғандағы тозған жол, сапасыз асфальт

Уақыты: 22.04.2023
Оқылды: 887
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс орталығындағы көшелердің бірқатарының әбден тозып, шұрық-тесік күйге түскені жасырын емес. Қыстай жатқан тоң көктемгі күннің қызуымен жібігенде жұқа салынған асфальт оңай ойылып, шұңқырға айналып барады. Оны көлігінің доңғалағын жарып, әлдебір тетігін істен шығарған жүргізуші атаулы жақсы біледі.

Тұрғындардан түскен шағымның көптігіне орай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облыстық департаменті мен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері арнайы рейд өткізіп, көшелердің бұзылуына жауапты мамандарды сөзге тартты.

Сланов, Абай, Абылай хан, Уәлиханов көшелерін аралап, ойылған асфальтты өз көздерімен көрген мамандар қысқа уақыттың ішінде тозығы жеткен жол туралы мәліметті әрбір тұрғынның https://adildik.kz сайтына жіберіп, сапасыз асфальтқа қатысты заң бұзушылықтың алдын алатынын жеткізді. «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалының жетекшісі Дәулет Құлымбаевтың айтуынша, «Уәлиханов – Балпық би» көшелерін жасау үшін 2019 жылы 500 миллион теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары 2020 жылы толық біткендіктен мердігер компанияға ақшасы түгелімен төленген. Соған байланысты Талдықорған қалалық әкімдігі жыл соңына дейін ойылған жолға жөндеу жүргізуге уәде беріп отыр. Егер жол жөнделмесе халықтың наразылығы туындайды.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрбақыт Алтынбековтің айтуынша, Уәлиханов – Балпық би көшелерінің қиылысындағы жолда үлкен шұңқырдың пайда болғандығы туралы мәлімет «Высотник» ЖШС-не жіберіліп, ойылған жерді мамыр айының 15-не дейін жасау міндеттеліпті. Жол жасалмаған жағдайда сотқа беріледі.

Жалпы, облыс орталығындағы жол жұмыстарымен оншақты мердігер компания айналысады. Олар салған асфальтты «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары қабылдап алады. Егер салынған асфальттың сапасы талапқа сай болмаса қабылданбайды. Жалпы, Талдықорған қаласындағы 9 көшеге жөндеу жұмыстары басталыпты. Олардың ішінде «Шайқорған», «Үйтас» саяжайлары бар. Сонымен қатар, «Жастар – 1»,  «Солтүстік – Батыс»  тұрғын аудандары мен 8-9 шағын аудандарында жол жаңадан салынып жатыр.

Көше жолдары көптеген себептің әсерінен бұзылады. Ең алдымен жылыту құбырларының жарылуы бүтін асфальтті қазуға мәжбүр етеді. Соған орай «Талдықорғанжылусервис» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнының жөндеу жұмыстарын жүргізіп, асфальт жабындысын қазуына қала әкімдігі рұқсат беруге мәжбүр. Ыстық және суық су құбыры жөнделген соң төселген  асфальт  бұрынғыдай сапалы болмайды. Кей жерлері ойылып, кей тұстары көтеріліп, жолдың тозығы жетеді. Соның кесірінен жүргізушілер мен тұрғындар әбігерге түседі.

Екіншіден, табиғаты құбылмалы Жетісудың ауа райы жолдың тез ойылуына әсер етеді. Қыстың ортасында жауған жаңбыр асфальтті тоңға айналдырып, артынша соққан аяз жолдың жарылуына апарады. Көктем шыға ары-бері заулаған автокөлік жарылған жолды үгітіп, қиыршығын шығарады. Осылайша салынғанына көп болмаған көшелер жарамсыз кейіпке түсіп жатады. Енді осыған автокөлік салмағы мен сапасыз жұмысты қосыңыз. Сонда қанша мықты салынса да жол бәрібір ескіріп, ойылады.

Арнайы тексеру шарасына қатысқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облыстық департаменті Превенция және парасаттылық басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Өмірбеков:

– Бүгінгі рейд облыс орталығындағы жолдың жайын анықтауға арналып отыр. Биыл жыл басынан бастап «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы» атты жоба іске қосылған болатын. Соған орай әрбір өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа бейім 5-6 сала анықталды. Жетісу облысында автомобиль жолдары, жер қатынастары, тұрғын үй, құрылыс, медицина және салық сынды салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелі басым болып отыр. Осыған орай жолға қатысты тексеру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Оған әлеуметтік желілерде жарияланған пікірлер мен мемлекеттік органдардың талаптары негіз болып тұр. Сол үшін «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалымен бірлесіп бүгінгі шараны өткізіп отырмыз, – деп мәселенің мән-жайын түсіндіріп өтті.

Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар мекемелер мен мамандар назардан тыс қалмайды.

 

Мәди Алжанбай