КӨКСУДА 3 НЫСАН САЛЫНАДЫ

Уақыты: 22.04.2023
Оқылды: 903
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Киелі Көксу ауданы бойынша үш бірдей құрылыс жұмысы бастау алды. Атап айтсақ, Қаратал ауылындағы мектеп, Балпық би кентінде өрт сөндіру қызметкерлерінің депосы және Айнабұлақ ауылында әкімдік ғимараты жаңадан бой көтермек. Осынау қуанышты сәтке аудан басшылары, өңірдегі ақсақалдар алқасы мен аналар кеңесінің мүшелері және зиялы қауым көзайым болды.

Алдымен Еңбекші ауылдық округіне қарасты Қаратал ауылында бой көтеретін 120 орынды мектептің құрылыс алаңына ат басын бұрдық. Мұндағы игілікті іске жиналған көпшілік алдымен Ораза айт мерекесімен тұспа-тұс келген қуанышқа арнап құрбан шалса, Балпық бидің сегізінші ұрпағы, Көксу ауданының Құрметті азаматы Болат Қисметов ақ батасын арнады. Қазақы дәстүрдің жосық-жоралғылары өткерілгеннен кейін аудан әкімі Марлен Көлбаев бастаған азаматтар құрылыс жұмысын бастап берді.

Негізінен, 600-ден астам халқы бар Қаратал ауылында 4 жылдық ыңғайластырылған мектеп жұмыс істеп тұр. Шаңырағы ескірген алтын ұяда тек бастауыш сынып оқушылары білім алатындықтан жоғары сыныптың балалары аудан орталығына қатынап оқиды. Арнайы көлік бөлінген, жағдай қарастырылған, дегенмен, елді мекен жұрты 10 жылдан бері «мектеп салынса екен» деп өтініш-тілек білдіріп келген. Көп тілеуі қабыл болып, келер жылдың тамыз айында су жаңа мектеп ел игілігіне ұсынылмақ. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Күзбаев:

– Қуанышты әсердеміз. Сан жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе шешімін тапты. Ауылдың 102 оқушысы өзге мектептерге қатынап оқитын. Енді өз ауылында алаңсыз білім алатын болады. Сонымен қатар, орта мектеп болып құрылатын бұл алтын ұяда 50-ге жуық маман, қызметкерлер жұмыспен қамтылады, – деп пікір білдірді.

Айта кетерлігі,  орта мектеп құрылысының жауапты мердігері – «Жөндеу-Құрлыс» ЖШС. Аталған құрылысқа жалпы бюджеттен 1 млрд. 800 мың теңге қарастырылған. 120 орынды мектеп келер жылдың маусым айында толығымен аяқталып, қыркүйегінде ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

Өз кезегінде Көксу аудандық өрт сөндіру депосының құрылыс жұмысы басталғанына куә болдық. Бүгінге дейін аудандағы өрт сөндірушілер сонау 1934 жылы салынған, о баста қызылша зауытының бөлімшесі болған ескі ғимаратты иеленіп келген. Салынғанына 89 жыл болған ғимаратпен танысқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев жедел түрде жаңа нысан салыну керек екенін айтқан. Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша еңсе тіктейтін нысанның жауапты мердігері – «АТТМ Групп» ЖШС. Құрылыс жұмысы 5 ай көлемінде жүріп, қазан айының орта шенінде ел игілігіне берілмек.

Өз кезегінде «АЛАУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер болып отырған Айнабұлақ округі әкімдігінің құрылыс алаңына барып, жақсылыққа жаршы болдық. Мұнда жиналған көпшіліктің ақеділ пейілімен сусындадық. Ауыл азаматтары аудан, облыстан келген зиялы қауым мен ақсақалдарды қазақы қонақжайлықпен қарсы алды. Дәстүр бойынша айт мейрамына орай ақсақалдың ақ батасы беріліп, игілікті іске арнап құрбан шалынды.

– Бүгінгі ауданымызда 3 құрылыс нысаны өз жұмысын бастады. Өңірімізде қолға алынып жатқан әрбір іс иігілікті болып, өз берекесін берсін. Қашанда елдің іргесі бүтін, қоғамның тегершігі берік болуы қажет. Сол үшін өздеріңізбен бірлесіп жұмыс жасаймыз, – деді Марлен Қапашұлы айнабұлақтық ағайынға. Оған қоса аудан әкімі ауылдың кіреберісіне балалар алаңы, мешіт ауласына хатымхана салатынын тілге тиек етті.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Көксу ауданы