Тұрғындар мәселесін жергілікті әкімдіктің шешіп беретініне сенбейді

Уақыты: 27.04.2023
Оқылды: 590
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың төрағалығымен өткен кеңесте ауыл әкімдерінің жұмысы сынға алынды.

Сонымен қатар жиында азық-түлік тауарларының бағасы жайлы мәселе көтерілді. Инфляцияны тұрақтандыру міндеті тұрғанын ескерткен өңір басшысы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына» «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын тиімді жүзеге асыруды тапсырды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына барлық қазандықтардың жай-күйін тексеріп, келесі жылу маусымына дайындықты қазірден бастау, облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасына шағын қалаларды, аудан орталықтарын абаттандыру мен көгалдандыруға назар аудару, қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін, өзіндік бет-бейнесін қалыптастыруға мән беруді, аудан, қала әкімдері мен тиісті басқармаларға балалардың ойын алаңы, жарықтандыру, үлкендер демалатын орын, «жасыл» аймақ, аулаішілік жол, басқа да мәселелерді толық қадағалау қажеттігін нықтады.

Аудан-қала әкімдеріне облыстық мемлекеттік кірістер басқармасымен, еңбек инспекциясымен бірлесіп «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» шеңберінде жұмысқа орналастырылған азаматтардың әлеуметтік жарналары мен электрондық келісімшарттарының болуын бақылау міндетін жүктеді. Сондай-ақ, білім сапасын арттыру және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен сапалы медицинаның қолжетімділігін арттыруды облыстық білім және денсаулық сақтау басқармаларына тапсырды. 

– Менің аудандардағы кездесулерімде тұрғындар жергілікті әкімдердің құзырына жататын мәселелерді жиі көтереді. Неге? Себебі, азаматтардың проблемаларын шешу үшін егжей-тегжейлі шаралар қарастырылмайды. Нәтижесінде, тұрғындар ол мәселесін жергілікті әкімдіктің шешіп беретініне сенбей, облыс әкімдігі алдына қоюға тырысады. Халық ауыл әкімдерінің жұмысы арқылы бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін, биліктің қызметін бағалайды. Ендігі жерде тиімді мемлекет және әділетті қоғам талабына сай болу үшін ауыл әкімдері бастамашыл болып, белсенді жұмыс істеуге көшуі тиіс, – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"