Жетісу облысында агротуризм қалай дамиды?

Уақыты: 27.04.2023
Оқылды: 923
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаңадан үш облыс құрылып, бүгінде жаңа өңірлердің дамуы үшін үлкен көңіл бөлініп келеді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.

Біз осы орайда Жетісу облысын тақырыбымызға арқау етуді жөн көріп отырмыз. Халық аузында «жер жәннаты» атанған өңірдің ауа райы туризмнің сан түрін, сол сияқты ақсап тұрған қысқы спорт түрлерін де дамытуға қолайлы. Жуырда осы мәселе Парламент Сенатының қабырғасында да көтерілген болатын. Azattyq Ruhy тілшісі өңірдің артықшылықтарына тоқталып өтпек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында аймақтардың дамуы туралы айрықша қозғап өткен болатын.

«Аймақтар қуатты болса, бүкіл мемлекет өсіп-өркендейді. Былтыр жаңадан Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылғанын білесіздер. Бұл қадам осы аймақтарды тың қарқынмен дамытуға жол ашты. Біз аймақтар арасындағы экономикалық теңсіздікті азайту үшін тиімді шаралар қабылдауымыз керек. Әр аймақтың өзіне тән мүмкіндігін толық пайдалану қажет», - деген еді.

Жетісу өңірінің табиғи-климаттық жағдайы туризмнің сан түрін өркендетуге қолайлы. Соның ішінде рекреациялық, мәдени-тарихи, емдеу-сауықтыру, спорттық, экоагротуризмді дамытуға мүмкіндік бар.

Жанна Асипова – отандық туризмнің бірнеше бағытында ғылыми ізденіс жүргізген жас ғалымдардың бірі. Ол өз сөзінде агротуризмді дамытуда Қазақстанның әлеуеті өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екенін жеткізді. Айтуынша еліміз осы әлеуетін толық пайдаланбай отырған көрінеді.

«Ауылды жерлерді агротуризм арқылы дамытудың әлеуеті өте жоғары. Ойымды арыдан қозғайын. Ғылым әдетте кез келген істі алыстан байқайды. Мысалға Еуропа елдерінің көбінде жерінің басым бөлігі урбанизацияланып кеткен. Яғни халықтың көбі қалаларда тұрады. Соның әсерінен өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ, бүлдіршіндер қарапайым ғана сүт қайдан алынатынын, көкөністер қалай өсетінін білмейді. Міне осыған байланысты әлем елдерінде агротуризм бағыты өте қарқынды дамып келеді. Алматы маңында, сол сияқты ауа райы жанға жайлы Жетісу облысында соңғы жылдары агротуризм ерекше дамып жатыр деуге болады. Мысалға балалар құлпынай, таңқурай өсіретін фермаларға барып, өз қолымен піскен жеміс-жидекті теріп қана қоймай, оны өсіру, күту-баптау ісімен танысады. Қазір жекеменшік фермалар өте көп. Осыған орай экскурсия жұмысы кеңінен қанат жайып келеді», - деп туризмнің агро саласының түп төркінін түсіндіріп өтті.

Жуырда VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы туризмге ерекше тоқталып өткен.

«Тағы бір маңызды мәселе. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет» деп тапсырма жолдады.

ӨҢІРДЕГІ ҚЫСҚЫ СПОРТ

Облыс былтыр өз ішінен Алматы және Жетісу болып екіге бөлінгенде қысқы спорт түрлері бойынша негізгі нысандар мен спорт мектептері Алматы облысының құрамында қалған болатын. Ал Жетісу таулары аталмыш спорт түрлерін дамытуға қолайлы екенін айта кеткен жөн. Президент өңір тұрғындарымен кездесуінде Үкіметке шаңғы және биатлон кешенін салуды ерекше тапсырған болатын.

Ресми деректерге сәйкес облыста қысқы спорт түрлерімен жүйелі түрде шұғылданушы халық саны 4 мың адамның төңірегінде. Сондай-ақ облыстың аудандары мен қалаларында шайбалы хоккей спорт түрі бойынша әуесқой спортшылар айналысып жатыр. Ал кәсіби түрде Жетісу облысында қысқы спорт түрлерін дамыту бойынша Алакөл ауданының Лепсі ауылындағы спортта дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты және «Алакөл ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі», «Сарқан ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» шаңғымен жүгіру спорт түрін дамытуда.

Өткен жылғы мәлімет бойынша бұл спорт түрімен аталған ұйымдарда 102 спортшы, ал оқу-жаттығу сабақтарын 6 оқытушы-жаттықтырушы жүргізеді.

Айта кетейік, Қазақстанда кенжелеп тұрған қысқы спортты дамыту үшін Жетісу облысының мынадай тұстары ауа райы жағынан қолайлы: Алакөл және Сарқан, сол сияқты Ескелді аудандары мен Текелі қаласының таулы аймақтары.

Жетісу облысының спортшылары көгалдағы хоккей бойынша республикалық және халықаралық деңгейлерде жақсы жетістіктер көрсетіп жүр. Еліміздің көгалдағы хоккей бойынша ұлттық құраманың сапындағы ойыншылардың басым бөлігі Жетісудың спорт мектебінен шыққан спортшылар. Бұл ретте, Қазақстанның 2027 жылы хоккейден әлем чемпионаты өткізуге өтініш білдіргенін ескере отырып, Жетісу облысы спортшыларының көгалдағы хоккей бойынша әлеуетін шайбалы хоккей спортына бейімдеу арқылы пайдалану жағын қарастыруға болады.

БАЛҚАШ - ТУРИЗМНІҢ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛА МА?

2022 жылы 20 қазанда Мемлекет басшысы Жетісу облысындағы жұмыс сапары барысында өңір жұртшылығымен кездесуде әкімдікке туризм саласын дамытуға айырықша мән беру керек екенін қозғап өткен.

«Алакөл мен Балқаштың орасан зор әлеуеті бар. «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркі - экологиялық туризмді дамыту үшін таптырмайтын жер. Міне, осының бәрі - тұнып тұрған байлық. Әрине, туристер көптеп келу үшін тиісті инфрақұрылым салып, қолайлы жағдай жасау керек», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

 

Аймақтың өзіне тән мүмкіндігінің бірі туризм саласы болғандықтан Балқаш көлінің жағалауында «Балқаш» туристік-рекреациялық демалыс аймағын салу өңірдің тың қарқынмен дамуына өз септігін тигізетіні сөзсіз.

Астана қаласының тұрғыны Мақсат Болатұлы өткен жылғы демалысын отандық туризмді қолдауға арнағанын айрықша атап өтті. Еліміздің көркем жерлерін жиі аралайтын азамат туризм саласы ақырындап дамып келе жатқанын тілге тиек етті.

«Былтыр Балқаш көліне барып, демалдық. Астана мен Қарағандының арасы автобан болғандықтан тез жүрдік. Ал ары қарай тасжолда жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Жөндеу жұмысы тезірек бітіп, 100 пайыз қолданысқа берілсе тіптен керемет болар еді. Бұл туризмнің де дамуына оң әсер етері анық», - дейді ол.

 

Балқаш жағасындағы демалыс орындарының біріне тоқтаған отбасы маңайдың түрленіп жатқаны туралы ой білдірді.

«Балқаш көлінің емдік қасиеті бар. Осы көлге жыл сайын отбасыммен келіп тұруға тырысамын. Маңайда туристерге арналған қолайлы орындар да бой көтеріп жатыр. Өткен жылдармен салыстырғанда жағдай біршама түзеліп қалды. Дегенмен әлі де үлкен шаруалар атқарылуы тиіс. Себебі қонақүйлердегі қызмет көрсету сапасы мен бағасы көбіне сай келмейді. Сол себепті қазақстандық туристер шетел аралағанды ұнатады», - дейді ол.

Қазақстанның қалталы азаматтары шетелге шығып, қыдыруды туризмге салып жатқаны ақиқат. Үкімет осы мәселені шешіп, өз нарығымызға тарту үшін туризм саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеген болатын. Жалпы, Қазақстан үкіметі туризмді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сай, 2025 жылға қарай ЖІӨ жалпы көлемінде туризмнің үлесін кемінде 8 пайызға жеткізуге ынталы болған.

Депутат Амангелді Толамысовтың айтуынша Балқаш көлінің жағалауында туризмді дамыту мақсатында осы өңірді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажет, ол үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге жергілікті бюджеттен 120 млн теңге бөлінді. Жалпы жоба құны – 4,9 миллиард теңге.

«Инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жағдайда бөлмелер қоры 45 мыңға жуық төсек-орынды құрайды және бұл жобаны іске асыру мақсатында 40,4 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл мәселе 2023-2025 жылдарға арналған бюджетті бекіту кезінде талқыланған болатын, біз бұл мәселеге қайта оралып отырмыз. Осы жобаны іске асыруды қолдау туралы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 26 қыркүйектегі № 22-5080 қарары да бар. Алайда орталық деңгейде бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі әлі анықталған жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаудың орнына министрліктер (ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі) бір-біріне сілтеме жасап отыр», - дейді сенатор.

ЖАУАПТЫ МИНИСТРЛІКТЕРДІҢ ҰСТАНЫМЫ ҚАНДАЙ?

Депутат Амангелді Толамысов өз сөзінде аталған мәселе бойынша аталған үш министрліктің ұстанымдарын тізбектеп шықты.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігің ұстанымы мынада:

«Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.В. Склярдың тапсырмасына сәйкес Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қолданыстағы заңнамаға, оның ішінде «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне өзгерістер енгізу арқылы жобаны қаржыландыру және іске асыру мәселесін пысықтайтын болды».

​ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұстанымы:

235-ші бюджеттік бағдарламаға қолдау көрсетілмейді, себебі «Қазақстан Республикасының туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға берілетін нысаналы трансферттер тек қана Алматы облысындағы Алакөл көлінің айналасында орналасқан туристік нысандарды сумен жабдықтау және су бұру жобаларын іске асыру үшін ғана құрылған болатын.

Депутаттың айтуынша осыған байланысты «Балқаш туристік-рекреациялық аймағының инженерлік-коммуникациялық желілерін салу» жобасын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бюджеттік бағдарламалары аясында іске асыру қажет.

​ҚР Қаржы министрлігінің ұстанымы:

«Жобаны республикалық бюджеттен іске асыру үшін мынадай тетіктер қарастырылған: 1) ҚР Ұлттық экономика министрлігі арқылы - тапсырыс берушіні кәсіпкерлерге өзгерту жолымен жобалау-сметалық құжаттаманы өзгерту, автожол құрылысын алып тастау, оны ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арқылы іске асыру; 2) ҚР Мәдениет және спорт министрлігі арқылы - қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу, қосымша штат бөле отырып құзырет беру (бұл ретте, бұл бастама автожолдар салу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу жөніндегі функциялардың қайталануына әкеп соғады). Осылайша, жобаны іске асыру механизмі тұрғысынан қосымша пысықтауды талап етеді».

«Мемлекет басшысы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде «Өткен жылы мемлекеттік аппараттың қызметі мен норма шығару процесін дебюрократизациялау бойынша маңызды жұмыстар басталды. Аса маңызды мәселелер бойынша сапалы заңдарды жедел қабылдауға қажетті жағдайлар жасалды. Дегенмен шын мәнінде, дебюрократизация болмағанын мойындау керек. Министрлер шешім қабылдаудан қорқады, жауапкершілікті әріптестеріне немесе қарамағындағыларға аударады» деп нақты атап өткенінің себебі осындай жағдайлар ма деп түсінеміз.  

Біздің ұсынысымыз, нысаналы трансферттерді өткізу үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қосымша штаттық бірлік беру және заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мәселесін қарастыру қажет. Бұл ретте аталған министрлік ұсыныс жолдап нысаналы трансферттерді өткізетін бағдарлама ашып, жергілікті атқарушы органға қаражатты түсірсе болғаны, ал қалған жұмысты жергілікті атқарушы органдар жүргізетін болады деп мәлімдеп отыр (мемлекеттік сатып алу конкурстары, мердігермен келісім-шартқа отыру, құрылыс жұмысын қадағалау, қолданысқа қабылдау және тағы да басқалары).

Жетісу облысының әкімдігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне бюджеттік өтінімдерін бірнеше мәрте жолдады (24.08.2022ж. №03-34/291-И, 06.01.2023ж. №03-34/22-И)», - деп депутаттар ойын тәмамдады.

Сөз соңында айтарымыз, территориялық жағынан Қазақстаннан әлдеқайда кіші Түркия еліне 2022 жылы 44,56 млн турист барған. Бұл - Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі жариялаған ресми ақпарат. Ал осы туристерден түскен қаражат 46 млрд долларды құраған. Қазақстан өзінде бар әлеуетін толық пайдаланса үлкен жетістіктерге жетері анық. Сол себепті жауапты министрліктер бір-бірімен тығыз жұмыс істеп, саланың ілгері дамуын жылдамдатуы қажет.