Корей жігіт Абай өлеңдерін жатқа оқып таңғалдыруда

Уақыты: 28.04.2023
Оқылды: 718
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Шымкентте тұратын Тимур Пак есімді кореялық азамат ақын Абайдың өлеңдерін жатқа оқып жұртты таңғалдыруда, - деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы "Қазақстан" телеарнасы дерегіне сүйеніп.

Мектеп қабырғасынан һакім өлеңдерін жатқа оқып үйренген азамат қазір ақынның кез келген шығармасын жатқа айтады.

"Абай Құнанбаевтың өлеңін оқығанда іштей рухым көтеріледі. Өзімді мықты сезініп, шабытым ашылады. Сондай әсер болады", - дейді ол. 

Ұстаздық жолын да осы қалада бастаған Тимурға мектептегі әріптестері де таңданысын жасырмайды. 

"Оны біз кейде корей ұлтының өкілі екенін де ұмытып кетеміз. Өйткені қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қазақтың өзінен артық біледі", - дейді мектеп директорының орынбасары Нұрсұлу Байқонысова.

Тимурдың тағдыры да тарихи оқиға - қуғын-сүргін жылдарымен байланысады. Дәлірек айтқанда, Түркістан облысы Мақтаарал ауданында туып өскен оның ата-әжесі қуғын-сүргін жылдары осы аймақты паналап, көшіп келген екен. Қазаққа туған жиен болған корей жігіті отбасында да екі ұлттың тәрбиесі қатар жүретінін айтады. 

"Көп байқаймын. Қазақ пен кореялықтардың салт дәстүрі бір-біріне жақын. Үлкенді сыйлауы. Бізде де үлкендерді қатты құрметтейді", - дейді ол. 

Ең қызығығ Тимур да қазақ еліне - күйеу. Бүгінде келіншегімен 4 перзент өсіріп отыр. Оларға Әсима, Әмір, Арсен, Ариф деген қазақы есім берген. Олар да ата-анасы секілді қазақ мектебінде білім алып жатыр.

Фото: көрнекілікке алынды