"Дүниежүзіндегі ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр": Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясы өтті

Уақыты: 28.04.2023
Оқылды: 998
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясы өтті. Екі күнге межеленген келелі жиынның шымылдығы панельдік пікірталас алаңында түрілді. Екінші күні өткен «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты қорытынды жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ қатысты.

Мемлекет басшысы Ассамблеяның ел дамуындағы рөлі мен қызметін жоғары бағалады. Сонымен қатар, өткен жылдан бері елімізде тың өзгерістер болғанын атап өтті. Мәселен, саяси жүйе жүйелі түрде трансформацияланды. Мемлекеттік құрылымның демократиялық үлгісі қалыптасты. Шынтуайтына келсек, мұндай келелі өзгерістер кезінде саяси институттың жұмысына да аса мән берілді. Аталған бірегей институт парламенттік өкілдіктің жаңа тетіктеріне ие болды. Президент Ассамблеяның елімізді саяси тұрғыда жаңғыртып, жалпыұлттық тұтастықты нығайту ісінде маңызды рөл атқарғанына тоқталды.

– Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Сессия аясында кеше нақты мәселелерге арналған пікірталас өткенін білемін. Этносаясатта жаһандық және аймақтық үдерістер ескерілуге тиіс екені айтылды. Бұл – өте орынды ұсыныс. Яғни, этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеу керек. Бұл жұмыс ауқымды реформалармен үндес болуы тиіс. Бұған немқұрайлы қарауға болмайды, этносаралық саясат айрықша назар аударып, ұдайы жетілдіріп отыруды қажет етеді. Шын мәнінде азаматтардың бірлігін, жалпыұлттық бірегейлікті және еліміздің этноәлеуметтік тұтастығын нығайту жөніндегі іргелі, тіпті қасиетті деп айтуға болатын міндеттерді жүзеге асырмайынша мемлекеттің бірде-бір стратегиялық міндетінің орындалуы мүмкін емес екенін естен шығармаған жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Ел Президентінің сөзінше, Тәуелсіздік алған уақыттан бері еліміздің төл паспорты қалыптасқан. Бұл паспорттың мәйегі – татулық пен бірлік. Президенттің сөзінше, біздің көк паспортымыз бен Көк байрағымыз – тарихымызбен астасқан және миллиондаған адамның жүрегінен орын алған бірегейлігіміздің нағыз символы. Әлем сол арқылы Қазақстанның бет-бейнесін айқындайды екен. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызды рөліне тоқталып, осыған орай этносаясат мәселесіне байыппен қарау керегін атап өтті.

– Қазақстан паспорты біздің бірлігіміз бен татулығымызға негіз болған прогрессивті құндылықтарды бейнелейді. Өз кезегінде көк байрағымыз – қасиетті тәуелсіздігіміз бен көпғасырлық Мемлекеттілігіміздің жарқын белгісі. Туымыз халықаралық ірі спорттық жарыстарда және басқа да сондай шараларда жоғары көтерілген сайын, біздің бойымызды елге деген мақтаныш сезімі кернейді. Даңқты отандастарымызды – спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан шетелде үнемі қазақтар деп атайды, - деді ел Президенті.

Мемлекет басшысының сөзінше, қазақстандық қоғам – ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы. Тіпті, бүтін бір отбасы деуге болады. Этномәдени әралуандығымызға қарамастан Қазақстанның әрбір азаматы ұлтымыздың мүшесіне айналған.

Сессия отырысында Мемлекет басшысы татулық пен келісімді тек мемлекеттік саясатта ғана емес, барлық жерде дәріптеу керегін алға тартты. Қ. Тоқаевтың пікірінше, бұл тек жалаң ұранға ұласпай, әрбір қазақстандықтың ұстанымына айналуы қажет. Сонда ғана бірлік пен тұрақтылықтың арқасында саяси-экономикалық реформалар жүзеге асады. Шын мәнінде, бірлік пен татулық – қашанда мемлекеттігіміздің басты тірегі болып қала береді.

– Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік болса ғана тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек. Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген ұшқары, яғни күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде Ассамблея – мемлекеттігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт, – деді Мемлекет басшысы.

Ел Президентінің сөзінше, этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеу кезек күттірмес мәселе. Оның өзінде оны байыппен жүргізу қажет. Сонымен қатар, әлемдік тәжірибелерді де ескеру қажет екен.

– Қазір дүниежүзіндегі ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр. Жаңа басымдықтар пайда болуда. Сырттан төнген сын-қатерлердің бетін қайтару аса өзекті мәселеге айналды. Мемлекеттер үшін егемендікті қорғаудың, ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызы арта түсті. Бұл ретте этносаясат байыппен жүргізілуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Жиында Мемлекет басшысы саяси институт тарапынан атқарылуы тиіс тапсырмаларды жүктеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 2 сыйлығын тағайындауды тапсырды. Қос сыйлық журналистика мен әдебиетке және мәдениет пен өнерге бағытталған, халықтық татулықты арқау еткен шығармаларға берілуі керек. Оған қоса «Қоғам бірлігін нығайту жолындағы табысты еңбегі үшін» мемлекеттік награда тағайындауды ұсынды. Жиын барысында Мемлекет басшысы бірқатар азаматтарға алғыс білдіріп, марапаттады.

Дастанбек САДЫҚ