«Жетісу» волейбол клубының жаттығу базасы салынып жатыр

Уақыты: 28.04.2023
Оқылды: 1989
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бұқаралық спортты дамыту Мемлекет басшысы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Облысымызда бұл орайдағы жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асып келеді. Талдықорғанда биыл бірқатар спорттық кешендер бой көтереді. Осыған орай облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ Талдықорғандағы құрылыс нысандарын аралады.

Аймақ басшысы Талдықорғандағы «Жетісу» волейбол клубының жаттығу базасы мен клуб құрамындағыларға арналған тұрғын үй құрылысының қалай жүріп жатқанын көрді. Айта кетсек, қазір жоғары лигада ойнап жүрген «Жетісу» және «Айқаракөз» волейбол командалары жаттығатын спорттық нысан 300 млн. теңгеге блокты-модульді конструкциядан тұрғызылмақ. Құрылыс жұмыстарымен «АСК Ауыл құрылысы» ЖШС айналысуда. Серіктестік басшылары нысанды жыл соңына дейін аяқтаймыз деп отыр. Мұнда оқу-жаттығуға қажетті барлық жағдайлар қарастырылады. Қазір құрылыс алаңында қазаншұңқыр қазу жұмыстары жүріп жатыр. Жаттығу базасының жанынан спортшылар жатақханасы да бой көтереді. Ол 4 қабатты, 40 бөлмелі, 60 адамға арналған. Бұл кешен жеке инвесторлар есебінен салынып жатыр. Шара барысында Бейбіт Өксікбайұлы өткен жылы күзде Жетісу өңіріне жұмыс сапарымен келгенде Мемлекет басшысы бұқаралық және кәсіби спортты дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар бергенін, облыс орталығында салынатын спорт кешендері жайлы айтты.

– Қазір біз жоғары лигада ойнап жүрген «Жетісу» мен «Айқаракөз» волейбол командаларына арнайы спорттық алаңдар салып жатырмыз. Волейболшыларымыз оқу-жаттығу жиындарын осы жерде өткізеді. Жеке инвестор өз қаржысына клуб ұжымына тұрғын үй салуда. Болашақта спорттық базаның іргесін кеңейтіп, волейбол академиясын құрсақ, талантты жастарымызды өзіміз дайындап өсіруге үлкен мүмкіндік болады. Сол сияқты регбиден, индорхоккейден республикада үздік командалардың қатарындағы біздің спортшыларға қыста жаттығатын жабық кешенді БМК арқылы тұрғызып береміз. Қазір құрылыстардың барысын, сапасы мен қарқынын көріп шықтым. Нысандар дер кезінде іске қосылуы тиіс, – деді ол.

Осыдан кейін аймақ басшысы орталық стадионға барып, қосалқы алаңының жаңғырту жұмыстарын көрді. Оған 1 млрд. теңгеден аса қаражат бөлінген. Жөндеу жұмыстары «СМУ Шығыс» компаниясына жүктеліпті. Құрылысқа 32 адам, 8 техника жұмылдырылған. Жоспар бойынша ойын алаңы жылыту жүйесімен қамтамасыз етіліп, көрермендер трибунасы жасалып, жарықтандыру жаңартылмақ. Орталық стадионның жүгіру алаңдары заманауи жабдықтармен алмастырылады. Сонымен қатар, стадионға кіреберіс аумақтың жабыны жаңаланып, асфальт пен тас төсемелері, жиектастары ауыстырылады. Аралау барысында облыс әкімі жауапты мамандарға сапаға көңіл бөлу қажеттігін айтып, құрылыста пайдаланылатын материал таңдаудағы бірқатар кемшіліктерге қатысты өз ұсыныстарын жобаға енгізуді тапсырды.

«СМУ Шығыс» ЖШС құрылыс алаңының басшысы Мадияр Тобықбаев: «Орталық стадион УЕФА стандарттарына сай жаңғыртылады. Соған байланысты электр қуаттарын өзгертіп жатырмыз.  Алаңның үш бөлігіндегі электр желілері ауыстырылып, жаңа бағаналар қойылады. Бұл жұмыстар сәуір айында басталды. Құрылысты 10 айдың ішінде бітіруге тырысамыз», – деді.

Сондай-ақ, Бейбіт Исабаев «Көк базар», «Small», «Magnum» сауда үйлеріне барып, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын көріп, сатушылармен, тұтынушылармен тілдесті.  Алдымен Орталық базарға ат басын тіреп, ондағы санитарлық тазалықтың жай-күйіне көңіл бөліп, жабайы сауданы болдырмау шараларына байланысты қала әкімдігіне тапсырмалар берді. Облыс әкімінің айтуынша, бағаны ырықтандырудың бір тиімді тетгігі ретінде көкөніс сақтау қоймалары салынады және оған күзде егіс алқаптарында өсірілген өнімдер көтерме бағада сатып алынып, сақталады да бұл азық-түлік маусымаралық кезеңде белгілі шекті бағада сатылымға шығарылады. Оның сатылымын қадағалау басты назарда болуы тиіс. Ол үшін арнайы қаптамаға салу, штрих-код қою сияқты өнімнің қандай бағада, қалай, қашан сатылғанын бақылап отыратын арнайы жүйе қарастыру керек.

Айдар ҚАЛИЕВ