Сиверс алмасының гүлдеуіне арналған фестиваль өтті

Уақыты: 10.05.2023
Оқылды: 721
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сарқан ауданына қарасты Екіаша ауылдық округінің Тополевка ауылында кейінгі алты жылдан бері дәстүрге айналған фестиваль өтті. Жан-жақтан ағылған туристер тұмса табиғат қойнауында, Жетісу Алатауы етегіндегі Теректі өзенінің жағалауында тамаша сәттерді бастан өткерді.  

Сол күні оннан аса киіз үй мен көк аспан түстес шатырлар тігілді. Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаев туристерді, айшықты сәтті тамашалауға келген аудан жұртшылығы мен меймандарды тамаша дәстүрге айналған осы өңірдің табиғи мақтаныштарының бірі –  Сиверс алмасының гүлденуі мейрамын және әсем табиғатын тамашалауға шақырды.

Тау жағалай өсетін бұл жабайы алманың атасын тек саялы Сарқан жерінде ғана кездестіруге болады. Сонау ерте замандағы бор дәуірінен осы күнге дейін сақталып келген жабайы алманың 40-қа жуық түрі Жоңғар-Алатауы табиғи ұлттық саябағы аумағында ерекше қорғауға алынған. Бүгінде табиғи саябақтың 38 мың гектарын жабайы Сиверс алмасы алып жатыр. Аталған іс-шара аясында 100 түп алма ағаш көшеті отырғызылды.

Фестивалге келген меймандар Алтын Адам Жетісу шеберлері дайындаған қолөнер бұйымдары қойылған көрмелерді аралап, одан кейін тұмса табиғаттың көрікті де көркем жерлерімен танысты. Тау қойнауындағы ерекше бітімді басқосуға жиналғандар қазақтың салт-дәстүрлерін, тартысқа толы жарыстың куәсі болды. Бұдан бөлек ұлттық спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылып, жиылған жұрттың көңілін көтерді.

Шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, жас эстрада жұлдызы «Kalifarniya»  және «Қазақстан дауысы» мега жобасының қатысушысы ерекше дауыс иесі қалың көпшілікке Qanay есімімен танымал Нұрболат Қанай келіп, әсем әндерден шашу шашты.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ.
Сарқан ауданы.