ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНКУРСТА ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

Уақыты: 16.05.2023
Оқылды: 761
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Астанада «Жас талант» халықаралық шығармашылық фестиваль-байқауы өтті, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Қатысушылар шығармашылықтың түрлі бағыттары бойынша бақ сынады. Аталмыш байқауда домбыра жанры бойынша СуперГран-приді Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің домбырашылар ансамблі жеңіп алды.

Ансамбль құрамында 23 жас күйші өнер көрсетті.

Домбырашылар ансамблінің жетекшілері жас, дарынды жігіттер – Алмас Жексенбаев пен Мұқағали Сансызбаев. Фестивальде өнерпаздарымыз атақты «Адай» күйін орындап, көрермендер мен қазылар алқасын тәнті етті. 

Дәстүр бойынша, жылда барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Домбыра-Дастан» атты бірыңғай домбыра сағаты өткізіледі. Домбыра сабағына келген оқушылар шабыттанып, ансамбль құрамында өнер көрсетуге құштарлық танытады.

— Домбыра – Ұлы даланың аманаты, ата-баба сыры. Мен бұл асыл аспапта ойнауды мектепте үйрендім. Мұндай домбыра тартуға деген құштарлық әрқайсымыздың бойымызда болуы керек деп ойлаймын. Менің талпынысымды ұстаз-куратор-ұйымдастырушы Фариза Тұрарова қолдады. Бұл үшін кураторыма алғысым шексіз», — деп  8-сынып оқушысы Аюхан Ахажан пікірімен бөлісті.

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің домбыра үйірмесі 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Құрылған мектеп оркестрі көптеген республикалық, облыстық музыкалық байқаулардың лауреаты, «Жетісу жұлдыздары», «Үкілі үміт» фестивалінің Бас жүлде, жүлделі орындардың иегері.