Кербұлақ ауданына «Сүйінбай ақын ізімен» атты экспедиция барды

Уақыты: 16.05.2023
Оқылды: 862
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы мен Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалды музейінің ұйымдастыруымен «Сүйінбай ақын ізімен» атты экспедиция Күреңбел өңіріне барды. Осы ретте Шоқан Уәлихановтың мемориалды музейі, ғалым жерленген жер, Тезек төре қорымы, тағы да басқа тарихи нысандарды аралап, мәдени байланыс орнатып қайтты.

Шара аясында «Алатаудың ақиығы – Сүйінбай»  атты жылжымалы  көрме көпшілікке ұсынылып, мектеп оқушыларымен кездесу және «Сүйінбай ақын   мен Тезек төреге жаңаша көзқарас және  Шоқан Уәлиханов» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. 

Конференцияға филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қансейіт Әбдезұлы, тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, академик Берекет Кәрібаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы Досбол Байғонақов, жазушы Қуандық Түменбай, филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Алмасбек Мәуленов, тарихшы, ұстаз, өлкетанушы Әбілмәжен Әбілқасымов, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай және басқа бірқатар ғалым мен өлкетанушы, Тезек төренің ұрпақтары Азамат және Бағдат Ақылбековтер қатысып, мектеп оқушыларына әсерлі де тағылымды баяндама жасады.

Сүйінбай ақын  мен Тезек төренің арасындағы байланыс,  достығы жайлы  әлі де зерттеуді қажет ететін дүние көп. Оның беймәлім  қырын ашу, жариялау алдағы күннің еншісінде. Олардың бірқатарын Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалды музейінің көшпелі көрмесінен де көруге болады. Көрмеге музей қорында сақталған жәдігерлер қойылды. 

Дінмұхамед Қонаев: «Мына жерде кім жатқанын білесің бе? Бұл жерде өзі ақын, өзі батыр, өзі философ, осы Жетісудың аға сұлтаны – хан Тезек жатыр. Егер Тезек төре болмағанда ақын Түбек те, Сүйінбай да, Бақтыбай да белгісіз болар еді...» деп айтқандай, Тезек төренің қазақ ауыз әдебиетіне, ақындық өнеріне қосқан қомақты мұрасы да тыңғылықты зерттеуді қажет етеді. Бұл олқылықтың орнын толтыруға бағытталған талпыныс ретінде Алтынемел өңірінің тумасы, Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы, тезектөретанушы Азамат Ақылбеков пен інісі, мемлекеттік қызметші Бағдат Ақылбековтің еңбегін атап өтуге болады. 
Аталған мәдени байланыс алдағы уақытта да жалғасады.

Қажет АНДАС
Кербұлақ ауданы