ҚҰТ МЕКЕНДІ ҚИМАДЫҚ

Уақыты: 18.06.2023
Оқылды: 667
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай Талдықорған қаласы, бұл қатарға осы аттас облысты қоссақ та болады, не қиындық көрмеді дейсіз?! Сондай қиындықтар қосарлана келе, өкінішке қарай, қаншама жылдардан бері тоқтаусыз шығып келе жатқан облыстық «Жерұйық" газетін де жауып тынған болатын.

Бір ай емес, бірнеше жыл бойы газетсіз қалған жерұйық өлкенің тұрғындары «Жетісу» газеті көшіп келгенде қалай қуанғандары есімде. Салқар көш шаһарға ат басын тірегенде «Қоныстарың баянды болсын!», «Ұзағынан сүйіндірсін!» дегендей ақ тілектер тоқтаусыз ағылып еді.

Сірә, сол тілектер періштенің құлағына шалынған болуы керек, Жетісудың өзегі саналатын Талдықорған аймағы басылым үшін құт мекенге айналды. Газет журналистері тұралап қалған аймақ экономикасына қан жүгірткен жаппай құрылыстың барысы мен өңір тіршілігін жандандырған басқа да жарқын жаңалықтарды күн құрғатпай жазып, қалың оқырманына сүйіншілеумен болды.

Қос басылым («Жетісу» мен «Огни Алатау») тілшілерінің Алматыда шешімін таба қоймаған тұрғын үй проблемалары сол кездегі Талдықорғанда толықтай шешілді деуге болады. «Үй болмай күй болмайды» деген ақиқатты құлақтарына құйып өссе де жайшылықта «жантақ жеп жүрген» журналистердің бірқатары жаңа салынған, енді бірқатары күрделі жөндеуден өтіп, су жаңа қалыпқа келген жайлы пәтерлер алып, көңілдерін демдеді.

Жаңа қоныс, жайлы мекенде «Жетісудың» таралымы рекордтық деңгейде шарықтап, сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовтің тұсында 55 мың данаға жетті. Сол әкімнің тұсында бүгінде «Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйі» деген құрметті атаққа ие болған Баспа үйін салу жайында шешім қабылданып, әлденеше мемлекеттік БАҚ,  олардың арасында «Жетісу» мен «Огни Алатау» да бар, жайлы баспанаға ие болды.

Материалдық қолдау шығармашылық шабыттың шарықтауына себеп болып, сол жылдары «Жетісу» Қазақстан Журналистика академиясының Алтын Жұлдызына, облыстық басылымдар арасында тұңғыш рет республикалық «Үркер» сыйлығына қол жеткізді.

Бұл орайдағы жақсылықтар тізбегі «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдық тойы өтіп жатқан кезеңде де жалғасып, мерейтой аясында әлденеше тілшіге пәтер кілті табысталды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келетін болсақ, Жетісудың жауһар қаласы қос газеттің ұжымы үшін де жайлы қоныс, құт мекенге айналды. Осындай құт мекенге біржола тұрақтаған «Жетісу» Алматы облысының «Алатау арайы» газетіне өз ортасынан отау тігіп, бөлек шығарды. Бір ғасыр бойы «Жетісумен» жұбы жазылмай келе жатқан «Огни Алатау» газеті болса, айдынды көл жағасындағы Қонаев қаласына қоныс аударып, жерұйық өлке Талдықорғанда «Вестник Жетісу» деп аталатын жаңа басылым шаңырақ көтерді.

Иә, түптеп келгенде «Алатау арайының» ұжымы «Жетісу» газетінің журналистеріне сыйлы әріптес қана емес, кеше ғана бір ұжымда бірге қызмет атқарысқан қимас дос, сыйлас құрбы, бауыр да болып келеді. «Алатау арайының» бас редакторы ақын Кәдірбек Құныпияұлы досым айтқандай, қос басылымның тарихы ортақ, тамыры бір, торқалы тойлары да ортақ қашанда. Ендеше тойымыз дәйім тойға ұласа берсін, ағайын!

Нүсіпбай Әбдірахым,
Қазақстанның Құрметті журналисі