«АУЫЛЫМДЫ ҚАЛАЙ ТАНЫТТЫМ?»

Уақыты: 18.06.2023
Оқылды: 494
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ол кезде Алматы облысы бөлінбей тұрған. Жаңа қосылған кезі десе де болады. Үйге екі газет келеді: «Жас Алаш» пен «Жетісу». Баламыз ғой, «Жас Алаштағы» тақырыптарға тісіміз батпады ма екен, көбіне «Жетісу» газетінің авторлары көбірек есте қалыпты. Студент кезімізде де Талдықорған жақтан келетін газетке бір шығуды ара-тұра ойлап қойып жүрдік, өйткені, бұл газетті біздің ауыл оқиды. Ал, сен сол газетке шықсаң, басқасы былай қойғанда, ауылдастарыңның алдында зор мақтан...

Магистратураны бітірер қарсаңда «Жетісудан» бір-ақ шықтық. Сәуірдің 23-інен бастап қарашаның 1-іне дейін «Жетісу» арқылы, басқаны қайдам, ауылдастарыма әбден «танылдым». Әрине, жазған-сызғаныңды оқиды, бірақ, менің «танылуымның» сәл басқаша мәні бар. «Жетісуда» күзде «подписка» – жазылым науқаны жүреді. Тілшілер команда-командаға бөлініп, аудандарды кезектесе аралайды. Алғашқы сапарды шалғайдағы Райымбек ауданынан бастайтын болдық. Бұл сапардың реті мынадай: алдымен аудан әкімдігіне соғып, әкіммен (әлде орынбасарларының бірімен) кездесіп, одан ары бір ауылға барасың. Бүкіл ауданды араласаң, не жазарыңды білмей малтығып қаласың, ал, бір ауылды таңдап алу – сәтті ойлап табылған жоба. Жоспар кезінде мен өз ауылымды ұсындым. Бірінші орынбасар Жанкүміс Жәмеңке миығынан күліп «сен неге өз ауылыңа тартасың?» деді. Басқа ауылдар күнде шығып жүргендей «Біздің ауыл осы уақытқа дейін бір рет те болса шықпапты» деймін. «Жазатын не бар?» «Жетеді». Мақтап тауыса алмайсың мұндайда. Меселін қайтармайын деген шығар, ақыры басшылық мақұлдады. Бас редактордың орынбасары Жұматай Оспанұлын басшылыққа алып, Қуаныш Тұнғатар (оның да аталары сол ауылдікі) бар, тағы бір досымызды қосып алып, ауыл жаққа тартып отырдық.

Мектепті аралау, Мәдениет үйіндегі кездесу, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысу... Ақыры, кеш бата кіреберістегі үлкен паркте жастарды жинап, алау жағып ұйымдастырған кеш... Ауыл тұрғындарымен кездесуде екпіндей сөйлегенім есімде. Қазір күлкілі, бірақ, ол кезде «үлкен шаруа» бітіріп жүрген (ауылымды танытып жатырмын ғой!) жас жігіт үшін бұл әрі кешірімді, әрі жарасымды деп ойлаймын. Ауылдастарым да солай қараған болар, кім біледі, әйтеуір, газеттің келесі сенбілік нөмірінің қос бетін алып шыққан Қайнар ауылы үшін кейін біраз кісілер қолымды алды.

Сәл кейіндеу дәл осындай сапармен Алакөл ауданындағы Қабанбай ауылына бардық. Сондағы кездесуде ауылдың бір ақсақалы: «Біздің ауылды да анау Райымбек ауданындағы Қайнар ауылы сияқты қылып шығарыңыздаршы. Тегі, сол ауылды аралап жүргендей болдық», – деді. Бұл жолғы жол басшымыз Жәкең – Жанкүміс Жәмеңке болатын, «сол ауылды шығарған, міне, мына бала, жолдарыңыз болды», – деді. Бірақ, Қабанбай ауылы дәл сол деңгейде шықпады ғой деймін. Оның себебі, алдымен уақыт тарлау болды, екіншіден, мен өз ауылымды жақсы білемін ғой. Оның үстіне, аунап-қунап үш күн жаттық. Таңғы сағат 5-те тұрып, ауылдың тіршілігін сырттай бақылап, суретке түсіріп, өріске мал өргізіп болған соң ғана үйге қайтқанымыз, өрістен мал қайтқан кешкі қарбаласты тамашалағанымыз бар, ауыл адамдарының мінезі бар, «бағажымыз» толып қайтқан, Қуаныш екеуміз екі жақтап, барымызды салған қосымша ғой...

«Жетісуда» жүрген кезде алғашқы кітабым шықты. Проза. Тұсаукесерін керемет қылып ұйымдастырып береміз деп жүрді ағалар. Бірақ, мен кітаптың «сигнальныйы» қолға тие сала, Алматыға қашып кеттім. Бас редактор Жақыпжан Нұрғожаев та, орынбасарлар да жұмыста жоқ еді, арызымды жазып, қалдырдым да тайып тұрдым. Қоштасар сәтте Ришад Тұрғанбайұлы құшақтап: «Енді Нобель сыйлығын ал, жолың болсын!» деді. Оның мәнісі, «мен енді бір ыңғай әдебиетпен айналысам, проза жазам, журналистикадан кетем» дегем. Әдебиетпен айналысуға мүмкіндік болды, бірақ, проза әзірге тоқырап тұр. Ал, журналистикадан кете алмадым. Мейлі ғой, адамның дегені кейде болады, кейде болмайды, әйтеуір, «Жетісуда» бір қауым тілеулес ел бар екенін білем. Тек, облыс бөлінді, енді бұл газетті біздің ауыл оқи ма, оқымай ма, осы жазғаным оларға жете ме, жетпей ме, білмеймін...

Алмас НҮСІП