Жақсылықтың жаршысы

Уақыты: 18.06.2023
Оқылды: 778
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еліміздің өркендеуін, жеріміздің көркейгенін жалпақ жұртқа жариялап, қалың оқырманның көңіліндегі тап басып жүрген Жетісу облыстық қоғамдық-саяси «Jetysý» газеті Қазақстан Республикасында ертеден шығатын басылымның бірі. 1918 жылы алғашқы нөмірі шыққан күннен Қазақ елінің келешегіне керек жаңалықты жеткізудей жеткізіп келеді.

Өз басым басылымның 100 жылдық мерейтойына куә болғанмын. Облыс орталығы Талдықорғанды дүбірлетіп өткізген тойдың болғанынан болары қызық күндерге 5 жыл өтіпті. Бақандай 5 жыл. Көзге қысқа көрінгенімен  ауыр да қиын күндерге толы жылдар. Корона вирус, карантин, Қаралы қаңтар. Осы жылдар ішінде оқырманына адалдық танытқан газет салынған шектеулерге қарамастан жарияланып, шалғайдағы оқырманға шынайы ақпарат жеткізіп отырды. Осының өзі тамыры тереңге тартқан бәйтеректің айналасындағы жас көшеттерге топырақ қопсытып бергеніндей жанашырлық еді.

Қоғамдағы келеңсіз әрекеттің зардабы мен зиянын тап басып, ұлттың болашағына балта шабылар қадамды әшкерелеуден танбаған басылымның берер әлі алда. Ғасырдан асқан газеттегі сайдың тасындай іріктелген қыз-жігіттері әр сөзіне мұқият қарап, елді алатайдай бүлдірер қадам аулақ жүреді. Турасын айтқанда жақсылыққа сүйініп, жамандыққа күйінген басылымның жаңа жасы құтты болсын! Еліміздің ақпараттық кеңістігіндегі орныққан биігінде жарқырай берсін!

Ғалиасқар Сарыбаев,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты