ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ 2023: АЛҒАШҚЫ КҮНІ ҮШ ТАҚЫРЫП ҚАУЗАЛАДЫ

Уақыты: 17.06.2023
Оқылды: 654
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Түркістан қаласында Президенттің қатысуымен Ұлттық құрылтай отырысы өтеді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы "Ұлт ақпарат" сайтына сілтеп.

Елдік мәселе талқыға түсетін алаң қазақтың он екі қанатты киіз үйі тәрізді безендірілген. Алқалы жиынның алғашқы күні үш тақырып қаузалады.

"Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өз жұмысын бастады. Құрылтай екі күнге жоспарланған, себебі елді толғандырған мәселелердің ауқымы да, бағыты да алуан. Сондықтан құрылтай жұмысын бірнеше тақырыптық секцияларға бөлдік. Осылайша барлық қатысушыларға өз ой-пікірін айтуға барынша мүмкіндік жасалды.

Бүгін арнайы үш секция өткізіледі. Олар - білім және ғылым, мәдениет, өнер, руханият және қоғамдық консолидация секциялары. Атап өту керек, қатысушылар үшін барлық секцияның жұмысы ашық, кедергісіз қатыса алады. Сонымен қатар egov порталындағы "құрылтай" қосымшасы арқылы азаматтар кез келген уақытта өз пікірлері мен ұсыныстарын жібере алады.

Жалпы, құрылтай барысында болсын, онлайын арналар арқылы болсын, айтылған әрбір ой-пікір ескеріледі, барлық мәселе мұқият зерделеніп, Мемлекет басшысының назарына ұсынылады" - деді Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева.