ҚЫСТЫҢ ҚАМЫ - ҚАЗІРДЕН

Уақыты: 25.07.2023
Оқылды: 1032
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Халқымызда «Қыста малыңды бақ, жазда шөбіңді шап» деген тәмсіл бар. Сол айтқандай, қолда бар мүмкіндікті толық әрі тиімді пайдаланып, жаз бен күзгі науқандық жұмыстарды ұйымшылдықпен атқару ауыл адамы үшін басты міндеттердің бірі. 


Осыны ескерген сарқандық шаруалар қазір барлық күш-жігерді науқандық жұмысқа жұмылдырып, егін орып, мал азығы қорын дайындау үстінде. Дала төсін дүбірге бөлеген диқандардың қызу тірлігі ауданға қарасты барлық елді мекендерде жүріп жатыр. Аймақтың шаруа қожалықтарының егіске орақ, шалғы салып, егін-жайды жинауға кіріскеніне біраз болды. Шаруалар егінді уақытылы жинап алу үшін білек сыбана жұмысқа кірісіп, қамбасын дәнге толтырудың қамын жасауда. 

Қазір ауданда күзгі дақылға орақ түсті. Бірнеше шаруа қожалығы күздік қара бидайды жинауға ұйымшылдықпен атсалысуда. Аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Жандос Өмірсадықтың мәліметінше, қазірдің өзінде  800 гектардың үстінде күздік қара бидай орылып, бастырылған. Әр гектарынан орта есеппен 19 центнердей өнім алынуда. 

Агротехникалық шаралар дер кезінде жүргізіліп, барлық қажетті жағдайлар жасалса шаруа қауымы жаз бойғы еңбегінің нәтижесін көреді деген толық сенім бар.

Жақсылық ИГІМАН
Сарқан ауданы