ЖҰМЫС ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ

Уақыты: 25.07.2023
Оқылды: 870
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мал азығын дайындау ісі Алакөл ауданында басталғалы біраз болды. Қазір Алакөл алқабы мен Үйгентас аумағындағы шабындыққа шалғы түсті. Шаруа қожалықтары дәнді дақылдарды жинау басталғанша жемшөп қорын дайындап алу қамын жасауда.


 Бүгінде ауданда 200-ге жуық шөп шабу бригадасы науқандық жұмыспен айналысуда. Дала төсінде шөп шабатын машина, тырма, тайлағыш-жинағыштардың үні естіледі. Ал дайындалған шөп орамдарын таситын ондаған көлік пен трактор тынымсыз жұмыс атқаруда.

Жыл сайын мал басының өсіп келе жатқанын ескерсек, жемшөп қорын да жылдағыдан мол жинауға тура келеді. Алдын ала болжам бойынша аудан шаруалары 314000 тонна ірі сабақты және шырынды және оның ішінде 183300 тонна шөп дайындағанда қыстан қысылмай шығады деп болжануда.

 Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Құмар Жұбаевтің айтуынша, өткен жылдағыдай шілде айының басында жоспардың 95 пайызы орындалды. Әсіресе «Жазылбеков және К.» серіктестігі, «Алакөл-Агро» ЖШС және «Беков» шаруа қожалықтарының жемшөп дайындаушылары жақсы нәтиже көрсетуде. «Тоқжайлау» ӘКК ұжымы да жақын арада науқандық жұмысын аяқтайды. 

 Қазір дайындалған мал азығының негізгі бөлігі, әрине, шөп. Ауа райы да мал азығын дайындау жұмысына қолайлы болып тұр. Десе де көңілді кеңге салуға болмайды. Сондықтан шаруалар орайлы уақытты оңтайлы пайдаланып, қысқы мал азығын жинау жұмысын жандандыра түсуде.

Қ. ОМАРАҚЫН