СҰРҚЫ ҚАШҚАН "САҚАЛДЫ" ҚҰРЫЛЫС

Уақыты: 25.07.2023
Оқылды: 742
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткен жылы Жетісу облысы жаңадан шаңырақ көтергенде жерлестеріміздің абдырап қалғаны анық. «Өндіріс пен өнеркәсіп ошақтарының ірі кәсіпкерлік нысандарының дені Алматы облысына тиесілі болып кетті. Аграрлық аймақ саналатын Жетісу облысының экономикалық әлеуеті төмендеп кететін шығар. Әсіресе құрылыстану саласы қарқынды дамып келе жатқан облыс орталығы Талдықорған қаласының жағдайы қалай болады?» деген сұрақтар жиі қойылып жүрді. Әйтсе де, дәл бүгінгі жағдай ол кездегі алаңдаушылықтың негізсіз болғанын дәлелдеп отыр. Себебі, өткен жолы ғана облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен кездесуінде: «Жетісу облысы өткен жылғы барлық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы төртінші орыннан көрінді», – деп атап өтті. Демек, шаруасы шалқыған көрші облыстардан бәсіміз бәсең түскен жоқ. 


Облыс әкімі Астана қаласының 25 жылдығына орай «Бірлік» шағынауданындағы жаңадан бой көтерген үйлердің кілтін табыстағанда: «Жыл басында «биыл 51 үйді пайдалануға береміз» деп уәде еткенбіз. Осыған дейінгілерді есепке алсақ, енді 43 үй қалды. Енді Талдықорғанда ай сайын үйдің кілтін табыстау салтанатына жиналып тұрамыз. Жыл соңына дейін 51 үйді толық пайдалануға береміз. Жыл басынан бері 280 адам үйлі болса, жыл соңына дейін тағы 1700 жан үй алады. Негізгі мақсат – үй кезегіндегілердің санын азайту. Дәл қазіргі сәтте Талдықорғанда 15 мың адам үй кезегінде тұр. Алдағы 4-6 жыл ішінде кезектегілердің санын екі есе азайтуды көздеп отырмыз. Осыған дейін кезекке байланысты түсінбеушілік, заңсыздықтар болды. Біз тұрғындар кезегін цифрлық жүйеге көшірдік. Енді кез келген адам өз кезегін үйінде отырып-ақ бақылай алады» дегенін де құлағымыз шалды. Демек, Талдықорғанда құрылыс жұмысы қызып тұр. 

Дей тұрғанмен де қаланың ең көрікті бөлігі саналатын 6, 7-шағынаудандарының аумағында қала тұрғындарының мазасын қашырған, келген қонақтардың көзіне оғаш көрінетін, құрылыс жұмысы әлі де бітпеген бірнеше үй бар. 

Астана көшесінің бойымен кешкі серуенге шыққан қала тұрғыны:
– Осы екі үйдің (қолымен нұсқап көрсетті) тағаны құйылып, бірінші қабаты көтерілгелі, ұмытпасам, 8-9 жыл болды. Одан бері осы маңнан анау тұрған 16 қабатты үш үй, оның айналасындағы 5,7,9,12 қабатты тұрғын үйлер, тіпті, пандемия жұртты алаңдатып тұрған кездің өзінде мына екі үй қолданысқа берілді. Ал мына екі үй әлі сол күйінде темір қадалары сойдиып, айналасының сәнін кетіріп тұр. Осыны қала басшылары білмей ме? Білсе, неге осыны бір жөнге келтірмейді, – деп мұңын шақты.

Әрине, ол кісінің ренішін түсінуге болады. Айналасын қиқы-шойқы темір жабындымен қоршай салған, тот басқан қада темірлері сойдиып тұрған екі үйдің сұрқы қашып, айналасындағы әдеміліктің сиқын кетіріп тұр. Оның үстіне осы бітпеген үйлер сол маңның инфрақұрылымына да орасан зор кедергі келтіруде. Бітпеген құрылыс айналасындағы үйлердің жарық, жылу, су желілерін реттеуге қиындық тудыруда. Оны қойшы, қатар-қатар тізілген тұрғын үйлердің ауласына тұрғындар демалатын және балалардың ойын алаңдарын салуға да мүмкіндік болмай тұр.

– Жыл сайын каникул басталғанда осы бітпеген үйлер басымызды ауыртады. Ауламызда балалардың ойын алаңы болмағандықтан, «ит қорыған жерге өш» дегендей, кішкене балалар құлайын деп тұрған қоршаулардың қуысынан сол үйлердің ауласына кіріп, ойнайтынды шығарды. «Қай күні қайсы бала темір істікке ілініп қалады, құлап жарақат алады?» деген уайыммен таң атырып, кеш батырып келеміз. Құрылысты салатын болса қайта салып, салмаса сүріп тастаса жақсы болар еді, – деп мұң шақты бітпеген құрылыстың іргесіндегі «Болашақ» шағынауданы, №42 үйдің тұрғындары.

Расында, тұрғындардың айтқан уәжі орынды. Соған орай оның себебін білмек болып Талдықорған қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Әлжан Темірханға жүгіндік. Одан:
 – Өз кезінде қаланың оңтүстік-батыс құрылыс аумағынан «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің қаржысымен 9 үйдің құрылысы басталған болатын. Алайда, түрлі себептерге байланысты құрылыс жұмысы тоқтап қалды. Біраз жыл өткен соң сол үйлердің бесеуі Талдықорған қалалық құрылыс басқармасының балансына өтіп, бүгінде сол жерге 5 қабатты үйлер салынып, жұрт игілігіне берілді. Ол үйлердің меншік құқығы қандай жолмен қайтарылғанын нақты білмеймін. Себебі, ол кезде мен басқа жұмыста болатынмын. Ал қалған 4 үй әлі де сол «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің балансында тұр. Қазір құрылыс жұмысын жүргізу түгілі сол 4 үйдің ауласына рұқсатсыз кіруге мүмкіндігіміз жоқ, – деген жауап алдық.

Иә, «Бәйтерек» холдингінің қаржысымен салатын үйлердің бірнеше жыл бұрын талай мақалаға арқау болғанын көзіқарақты оқырман білуі керек. Ол жайлы басылымымыз да аз жазған жоқ. Сағызша созылған сол істің аяқталар түрі жоқ екенін қала тұрғындары көріп отыр. «Сол үйлер салынса жайлы баспанаға ие боламыз» деген қаншама адамның үміті сөніп, арманы аяқсыз қалғанын айтып бере алмасымыз белгілі. «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?» дегендей, жауапкершіліктен басын ала қашу кім-кімнің де қолынан келеді. Бірақ түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға шынайы кіріссе, шешілмейтін мәселе жоқ. Бұл мәселенің мәнісін білу үшін мақала басылым бетіне шыққан соң оны «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне жолдап, нақты жауабын оқырманға жеткізетін боламыз.

Қажет АНДАС