ҒАЛЫМДАРДЫ ТАҢҚАЛДЫРҒАН ОЛЖАС

Уақыты: 28.01.2024
Оқылды: 714
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кәсіп ашып, оны дөңгелетіп кету кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Оған да қарым-қабілет, түгесілмес төзім керек. Біздің қоғам таудай талабы бар азаматтарға кенде емес. Десек те қазақта «жылқыда да жылқы бар, қазан аты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азамат бір бөлек» деген ақиқи тәмсіл және бар. Осы тұста Талдықорғанда қант қызылшасынан түрлі өнім өндірумен айналыса бастаған Арман Найзабеков жөнінде біреу білсе, біреу біле бермейді. Газетіміздің өткен санында шағын ақпар бергенбіз. Осы жолы егжей-тегжейлі жазуды жөн көрдік.

Арман құжатында Арман болғанымен оны туыс-туғандыры мен дос-жарандары Олжас деп таниды. Тек нағашы жұрты ғана Арман деп атайтын көрінеді. Оның да өзіндік сыры бар. Анасы ұлының дүниеге келуін армандағандықтан есімін Арман қойса, халық әуеліде Олжабай, кейін келе Олжас атап кетіпті. Халық айтса қалт айтпайтының көрінісі болу керек ол кәсіп ашуда түреннен олжа салып жүргендердің бірі.

Көптен асып қайда барамыз? Бізде бұл жігітті Олжас Найзабеков деп дәріптегенді жөн көрдік. Олжас Ғалымұлы Қаратал ауданы Үштөбе қаласаның тумасы. Кәлпе ауылындағы 1-ші орта мектепте білім алады, оқуын тамамдаған соң тірлікке ерте араласып түрлі салада жұмыс істейді. Энергетик, жөндеуші, дәнекерлеуші мамандығын меңгере жүріп көп тәжірибе жинайды. Әр жерде тіршілік етіп, жинаған қаражатына бірнеше қойма сатып алады. Онысын кәсіпкерлерге жалға да беріп көреді. Алайда олардың дені кәсібін жүргізе алмай тұралаған. Олжас осы тұста жоғары оқу орнын оқыған бакалаврлық, магистрлік білімі болмаса да кәсіп ашуға бел шеше кіріседі.

Кейіпкеріміз «адам оқу оқысын оқымасын оған байланысты емес, бойында бар қасиет жарық етіп көрінбей қомайды» деген пікірде. Жаратушы әрбір пендесін жаратқан соң оның нан тауып жерлік кәсібіне құлының қолын икемдеп қойатынын алға тартады. Сол қарым-қабілетті әрменқарай дамыту әркімнің өз қолында екеніне дау келтірмейді.

Біз көсіле жазып отырған кейіпкеріміздің ашқан жаңалығы мүлде ерекше. Сіз бұрын-соңды естіп көрмеуіңізде мүмкін. Қант қана жасайтын қызылшадан шәрбат шығарып, бал арасының азығы мен балапан жемін де дайындауға болады екен. Иә, айтқанымның еш өтірігі жоқ. Мұның бәрін өз көзімізбен көрдік. Қызылшадан өндірілген квас сусыны мен сироптың дәмін мүлде шімірікпестен таттық. Құрамында спирт пен химиялық қоспасы жоқ табиғи сусын тіліңді үйірмесе тітіркентбейді.

Айтпақшы, Олжас бұл кәсіпті бастамас бұрын 5 жыл көлемінде қызылшаға зерттеу жасайды. Тәтті түбіртекті әртүрлі температурада ұстап көріп, оның жай-күйін бақылайды.  Айналасынан осы іспен айналасып жүргендерді іздеген. Бірақ та ешкімді жолықтыра қоймайды. Жолыққан жарандардың кейбірі, тіпті, бәрі бекершілік деп мысқылдаған. Ол ізденісің арқасында Алматы қаласына жол тартып, тамақ өнеркәсібін қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен жолығады. Өзі өндірген сироптың бір құтысын ғалымдарға көрсетіп, олар да бар шәрбатпен дәмін салыстырып көреді. Алайда әртүрлі технологиямен өндірілген өнімдердің дәмі екі түрлі боп шыққан. Зерттеушілер Олжастың жұмысына оң бағасын бере отырып, қызығушылықтарын жасырмай қызылша жөнінде ақпар беріп, қолдау танытады. Сондай-ақ, бұл тәтті түбірден жанармай, дәрі-дәрмек тағы да басқа заттарды шығаруға болатынын айтады.

Ғалымдар шикі қызылшаның құнарлығы азырақ екенін, өнім қайнатылған кезде GI индикаторы екі есе артады деп пікір білдіреді. Қызылшадан қандай дәрумендер табуға болады – бұл көпшілікті қызықтыратын сұрақ. Мысалы, 100 грамм өнімнің құрамында А дәрумені немесе ретинол 0,002 мг. Тиамин 0,02 мг. B2 немесе рибофлавин 0,04 мг. B3 немесе ниацин 0,04 мг. B5 немесе пантотен қышқылы 0,1мг. B6 немесе пиридоксин 0,07 мг. B9 немесе фолий қышқылы 0,013 мг. C немесе аскорбин қышқылы 10 мг. E немесе токоферол 0,1 мг. болады. Осы сынды жалпы қызылшадан ғалымдар  20-дан астам дәрумен анықтаған.

Кәсіпкер екі бөлмені арнайы құрылғылармен жабдықтаған. Өндіріс ошағының бір бөлмесінде қант қызылшасы тазаланып туралса, келесісінде жарты күндей қайнатылады. Сөйтіп барып шәрбат алынады. Оның айтуынша, 5 күн ішінде 1 тонна 200 кг. тәтті түбірден 500 литр сироп өндірген. 100 литрі ара өсіруші шаруаларға жөнелтіліпті. Араларға құр қантты азық қылып беріп жүрген шаруалар үшін осы өнімді берген әлдеқайда тиімді болмақ дейді ол.

Нақтылап өтсек, кәсіп иесі қызылшадан 5 түрлі өнім шығарып отыр. Бал арасының азығы мен құс фабрикасындағы балапандардың жемшөбі, кондитерлік компанияларға тәтті шәрбат, емдік қасиетке ие сироп пен табиғи квас сусыны.

Олжалы жігіт қазіргі уақытта кондитерлік компаниялармен де алғашқы келісімін жасасып үлгерген. Құжаттандыру жұмыстары толық аяқталған соң шарттың жай-жапсарын нақтыламақ. Қызығушылық танытқан компания өкілдері күніне бір тонна өнім өндірілсе соның бәрін сатып алуға ниетті екендерін жеткізген.

Талабы таудай азамат осы ісі арқылы көп дүниеге қол жеткізе алатынына қатты иланады. «Игілікті ісімді ирімдей бір айналдырып алсам өмірімнің бос өтпегені» деп тұжырым жасайды.

– Ақшаның артынан жүгіргендердің соны қуып жеткенін көрмедім. Бұл кәсібімді ақшаға қарық болайын деп бастаған жоқпын. Білесіздер, біздің Жетісу облысында қант қызылшасының алқабы жылдан жылға ұлғайып келеді, тәтті түбіртекті рәсуәсіз дұрыс игеруміз керек. Өзім өңдеп отырған өнімде мүлде қалдық шықпайды, қызылшадан шыққан қалдықты кептіріп, содан соң үгітіп жемге айналдырып отырған ешбір мемлекет жоқ десем қателепегенім. Ол біржағынан экология үшін де жақсы. Бар ойым ауылшаруашылығына көмектесіп, өңірдегі зауыттардың бір жағына шығысу.

Кәсіптің көзін тапқан арда жігіт қазіргі уақытта жалғыз жұмыс істеуде. Десек те оның арманы асқақ. Алдағы жылдары өндіріс ошағын кеңейтіп, 30-40 адамды жұмыспен қамтуды көздейді. Кәсібінің авторлық құжаттарын реттегеннен кейін өзі өндірген өнімдерді қымбат бағада шетелдерге экспорттауды жоспарлап отырғанын жасырмады. Одан бөлек, ел экономикасына үлесімді қоссам, Қазақстанның бір жыртығына жамау болсам міндетімді толық атқарғаным деп риясыз ойын ретімен жеткізді.

Не десек те қызылшадан көп өнім өндіру үшін ауыр технология қажет-ақ. Ол үшін кәсіпкер бастаған істі жұрт болып жұмыла қолдауымыз шарт. Осы ретте Олжас Найзабеков облыстық әкімдік қол ұшын созып жәрдемін тигізсе деген тілегін ақтарды.

Бұл қоғам Олжас сынды азаматтарға зәру екені ақиқат. Ел экономикасын көтеріп, игілікті жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келе бермейтінін көз көріп жүр. Талабы таудай кәсіпкерге табандылық танытып, танбауына тілекшіміз.

Медет ЖҰМАБАЙ