Сүріншек тіркестер «қызыл асығында» қалған тәрізді

Уақыты: 05.02.2024
Оқылды: 802
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Осыдан біраз жыл бұрын газетімізде «Түгел сөз» деген  айдармен тіл мәселесіне қатысты арнайы зерттеу мақалаларымызды ұсынып отырғанбыз. Көзіқарақты оқырман сол тұста да басылым бетінде көтерілген тақырыптарға орай хабарласып, өз ой-пікірлерін ортаға салып жататын.

Естеріңізде болса, басқасын тізбегенде «Шал» деп кімді айтамыз?» деген тақырыппен жарияланған мақаламыз оқырманның сұрауы бойынша, «Кемпір» деп кімді айтамыз?», «Қатын» деп кімді айтамыз?» деген ұласпалы мақалалармен жалғасын тапқан еді сол тұста. Осыдан-ақ оқырманның қашанда лұғат мәселесіне лупасыз қараған күні жоқ па дерсіз. Сол себепті де бүгін сол үдделі үрдісті қайта жаңғыртпақпыз.

Біздің бұндай ойға келуіміздің тағы бір себебі бар. Осыдан біраз уақыт бұрын республикалық «Айқын» газетіне «Тілдің тірі қалуына лингвистер көмектесе алмайды» деген өзекті материал шыққан болатын. Сұхбат беруші Калифорния университетінің лингвистика бөлімінде зерттеуші қызметімен айналысатын, сіз бен бізге жазушылығымен таныс Лира Қоныс еді.

Аталған сұхбатта айтылған әңгіменің тоқетері – мемлекет тіл саясатын мықтап қолға алмай ештеңе өнбейдіге келеді. Біздің пайымымызша, бұл сұхбаттың мемлекеттік басылым санатынан түспей келген газетте шыққаны мен оның көбірек оқылғаны да бүгінгі қазақ тіліне қатысты ахуалға тағы да барометр болғандай.

Ол аз десеңіз, күні кеше ғана жазушы Арман Әлменбет өз ютуб жобасының «біссімілләсін» Ұлттық ғылым академиясының академигі Шерубай Құрманбайұлымен бастап, бүгінгі тіл мәселесіндегі қордаланған түйткілдер төңірегінде әңгіме өрістетеді. Соның негізінде «қазақ тілі әлі де заң және ғылым тілі бола алады» деген байлам жасалады.

Бақсаңыз, ендігі жерде тіл мәселесіне  атүсті қараудың өзі кешірілмеуі тиіс секілді көрінеді бізге. Ыстығы бет шарпып тұрған қазандағы майдай түскен затты шыж да шыж еткізіп қуырып-қусырып, апшытып әкетердей.

Өйтпей қайтсін, сайт атаулыны ашып қалсаңыз, көкжәшіктің бір тетігін басып қалсаңыз көз сүрініп, зердең адасардай қаптаған қатені көресің келіп. Тіпті бұрынғы күресіп келе жатқан «туылған» мен «болып табыладыңыз» қазіргі сүріншек-шорқақ тіркестердің «қызыл асығында» қалған тәрізді. 

 

Екпеттеген екіұшты сөз

Мәселен, 2023 жылы 5 желтоқсанда белгілі бір сайтта жарияланған жемқорлыққа қатысты ақпараттың тақырыбы «Көкшетауда шенеуніктер пара алғаны үшін сотталған адамға жеңілдікпен баспана берген» деп тұр. Көп ұшырасатын көрнекі қате қолданыстардың ішінен неге бұл сөйлемді таңдап алғанымызды қазір түсінесіз.

Енді ойланыңызшы, толық тіркесті ара ажыратып оқып «Көкшетауда шенеуніктер пара алғаны үшін» деп түсінсеңіз, бірден көз алдыңызға жемқор шенеунік келеді де «сотталған адамға баспана алып берген» екен ғой деуіңіз мүмкін әдепкіде. Ал «Көкшетауда шенеуніктер» деп бір тоқтап, «пара алғаны үшін сотталған адамға баспана әперген» деп бөліп оқысаңыз, бұл жерде шенеунік жай ғана пара алған адамға баспана әперген болып шығады.

Тіпті, біраз ақпарат көзінде «Қарағанды облысында сотталған Геннадий Головкиннің портретін салды» деген тақырып та тараған бір кездері. «Сотталған» деген сөзге мән берсеңіз, бұның да екіұшты тіркес екенін білесіз. Бұндағы қетілікті сізге ежіктеп түсіндірмесек те ішіңіз тамыршыдай тап басып таныған болар. Біз екіұшты сөзге қатысты аз-кем ескертпемізді әзірге осы екі мысалмен түйіндемекпіз.

Асылында, мұндай екіұшты сөз қолданыстың бұрыстығы, терістігі жайлы осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын Ахмет Байтұрсын өзінің «Әдебиет танытқыш» атты үлкен еңбегінде кеңінен тоқталған еді. Өкінішке қарай (орай емес – ред.), бұндай құнды еңбектерді оқуға бүгінгі көп тілшілердің мұршасы жоқ та сияқты.

«Қанатының астына су бүркіп»

Екіұшты сөз, әрине, кейде байқаусызда кетіп жататыны рас. Оған бола сөйлеушінің қабілет мүмкіндігін тағы жоққа шығара алмасымыз анық. Тек абай болса деген рәуішті ескертпе деп біліңіз мұны. Ал қолына қалам ұстадым деген журналистердің өзі сөзді оңды-солды шашса, шашауы шықпауы тиіс тіркес қожырап, сөз сұйылса кімге өкпелейсіз.

Айталық, «министрлік бекіткен құжат олардың қанатының астына күнде су бүркіп отыр емес пе» деген тіркесті де оқыдық. «Қанатының астына су бүрку» деп тұр айна-қетесіз. Атам қазақ не деуші еді, «қолтығының астына су бүрку» дейді мұндайды.

«Қанат» дегеннен шығады. Қазақ құсты қалай әспеттесе, Ақан да қара торғайын солай бек қадірлемеді ме?!

«Келеді Қараторғай қанат қағып,

Астына қанатының маржан тағып.

Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің,

Айрылдым қапылыста сенен нағып».

«Астына қанатының маржан тағып». Қандай салтанатты сөз?! Бұны айтқан Ақан – сөз сетерлеген сері дейік. Есенғали Раушан да «Құстар біздің досымыз» деп өтті. Тұрлаусыз өмірден. Ол да ақын делік. «қанатының астына алатын», «қанатымен жер сабалап», «қанатымен су тамызып өртке кіретін» Ана – құс ше? Ал соны сезіп сүйіне әспеттейтін қазақы танымға салып көріңізші. Біраз ойға қаласыз. Әлбетте, «жоғарыдағы өрескел қате тіркес» дей аласыз сосын сіз де.  Бұндай мысал таусылар ма...

Түйін: Біз де енді қазақ баспасөзінде «қанатының астына су бүркетін» тіркес кездеспес деп тұтас ойды тежей тұрмақпыз. Келесі «сүріні» алдағы уақыт еншісіне қалдыра отырып, мақаламызға сізбен бірге нүкте қоймақпыз, оқырман.

Қозыбай Құрман
Фото: digitalsenior.sg