Бас санитария дәрігерінің қаулысы: қай жерлерде маска тағып жүру керек?

Уақыты: 09.02.2024
Оқылды: 410
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстанның бас мемлекеттік санитария дәрігері Айжан Есмағамбетова "Ауа-тамшы жолы арқылы берілетін инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту туралы" қаулыға қол қойды. Құжатқа сәйкес, денсаулық сақтау ұйымдарында бетперде кию режимі енгізіледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.


Қаулы бойынша, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің облыстардың, Алматы, Астана, Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының, аумақтық департаменттерінің басшылары:

  • медициналық ұйымдарда персоналдың және келушілердің медициналық маскаларды пайдалануын, антисептиктердің болуын;
  • халық арасында COVID-19 коронавирус инфекциясының, тұмаудың және ЖРВИ профилактика шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді қамтамасыз етсін.

Облыстардың, Алматы, Астана, Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдарына, Орталық мемлекеттік органдарға, меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғаларға:

  • халықтың көп жиналатын жерлерінде (әуежайлар, теміржол вокзалдары, автовокзалдар, базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚКО-ы, банктер және т.б.), көліктің барлық түрлерінде (қоғамдық көлік, әуе, темір жол көлігі) медициналық немесе матадан тігілген маскаларды пайдалануға ұсыным берілсін.

Осы қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

Фото: KTK.KZ