“Толығымен бітті деп ашып берді": Жетісу облысында шенділер салтанатты түрде ашқан спорт кешеніне халық кіре алмай жүр

Уақыты: 07.03.2024
Оқылды: 347
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысы Достық ауылының тұрғындары бақандай 1 миллиард теңгеден астам қаражатқа салынған жаңа спорт кешеніне кіре алмауда. Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасы дерегіне сүйеніп хабарлайды. 

Дәлірек айтқанда, нысан бір ай бұрын салтанатты түрде ашылып, лентасын облыстық шенеуніктер қиған. Өкінішке қарай, тұрғындар оның игілігін әлі күнге дейін көрмепті. Себебі дейсіз бе, ғимарат ресми түрде ашылса да, құрылысы әлі аяқталмаған. 

Ресми: Шекаралық аймақтағы Достық ауылында жаңа спорт кешені ашылды

Достық ауылында жаңа спорт кешені ақпан айының басында салтанатты түрде ашылған. Сол кезде нысанның лентасын облыстық шенеуніктер қиған. Бірақ жұрт кешенге әлі күнге дейін ұл-қыздарын үйірмеге бере алмай жүр. 

“Толығымен бітті деп ашып берді де, әлі ол қолданысқа берілмеді. Көріп тұрғандай, жағдайы мәз емес. Біздің Достықтың қысы қатты, жел. Балалар далада ойнай алмайды. Осындай спорт кешені ашылғанына қуанып едік”, – деді Достық ауылының тұрғыны Данияр Мағлұмбеков.

Бірақ олардың қуанышы су сепкендей басылған.

“Сапа жағы нашарлау. Өзіміз енді бала асырап отырғаннан кейін олар осында келіп, чемпион болсын деп едік. Ашылу салтанатында болдық, енді ұлдарымыз осы жерден шықса дейміз”, – деді тұрғын Дархан Хамшанов.

Құрылысы 2020 жылдың қазан айында басталған спорт кешені толық аяқтамалмағанын облыстық спорт басқармасының өкілдері де жасырмайды. Алайда шенеуніктер нысанды ресми түрде ашып, басшыларға есеп беруге не үшін асыққандарын түсіндіре алмады.

“Ашылу салтанаты болды, бірақ ол жерде толық аяқталған жоқ. Себебі тапсырыс беруші – құрылыс басқармасы, олар бізге әлі өткізіп беруге құжаттарын жинап жатыр. Қазіргі кезде ол жақтың суықтығына байланысты әлі далада абаттандыру жасалып жатыр, ішіндегі кемшіліктер бар, соны реттейді”, – деп мәлімдеді Жетісу облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Саят Сарқытов. 

Оған қоса, нысанда нақты қандай үйірмелер өткізілетіні де белгісіз. Себебі жаттықтырушылар әлі шақыртылмаған. Әкімдіктегілер штат ашып, бапкерлерді тарту үшін облыстық мәслихат сессиясына сұраныс жіберіпті. Шенеуніктер кешеннің құрылысы наурыздың соңында толық аяқтаймыз деп сендірді.

Фото: gov.kz