«Жетісудың үздік келіні» байқауының жеңімпазы анықталды

Уақыты: 07.03.2024
Оқылды: 382
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғанда 8-ші наурыз халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында қазақ келіндерінің облыстық байқауы өтті. Ақтық сынға Жетісудың әрбір аудан, қалаларынан алдын-ала іріктелген 15 үміткер қатысып, бақ сынады. Сайыстың басты мақсаты – ізгі қасиеттерге толы ұлт қүндылықтарын кеңінен дәріптеп, салт-дәстүр сабақтастығын жаңғырту.

 – «Жетісудың үздік келіні» байқауы осымен қатарынан 5-ші жыл ұйымдастырылып отыр. Биылғы сайыс ауқымды әрі тартысты болды. Себебі, аймақта үздік келін атанғысы келетіндердің қатары бұрынғы жылдармен салыстырғанда көп. Жалпы байқауға 145 адам өтініш білдірген. Оның 15-і ақтық сынға жолдама алып, бүгін өз өнерлерін ортаға салуда. Байқаудың шарты бойынша олар алдымен ұлттық үлгіде киім киініп, шебер тілмен өздерін таныстырды. Одан соң қазақы тағам түрлерін дайындап көпшілікке ұсынды. Ал соңғы аталымда келіншектер өз өнерлерін ортаға салды. Онда бірі актерлік шеберліктерін көрсетіп, енді бірі ән айтып, би биледі. Осы арқылы қазылар алқасы байқаудың жеңімпаздарын анықтады», - дейді жоба авторы Арайлым Әлімжанова.

Сонымен тартымды да табысты өткен жарыстың  қорытындысы бойынша бас жүлдені жеңіп алған талдықорғандық Ботакөз Тарыбай есімді қатысушы «Жетісудың үздік келіні» атанып, Түркия еліне арнайы жолдама алды. Ал, жүлделі бірінші орынға лайық деп танылған Еркін ауылының келіні Әйгүл Омарғалиева 150 мың теңге қаражатты қалтаға салды. Сондай-ақ,  Кербұлақ, Ескелді аудандары мен Талдықорған қаласының 3 келіні екінші орынға, тағы бірнеше қатысушы үшінші орын жүлдесін еншілеп ақшалай және бағалы   сыйлықтармен марапатталды.

Айдын КӘЛІМХАН