Өмір шуағы

Уақыты: 09.03.2024
Оқылды: 383
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Дана халқымызда «Ананың тілегі алты молданың дұғасынан да күшті» деген тәмсіл бар. Расында, сәбиі үшін отқа да, суға да түсуге даяр ардақты аналарымыздың мейірімі шексіз. Ана – өмірдің өзі, бақыт пен берекенің көзі, нәзіктік пен көркемдіктің сәні, мейірімділік пен парасаттылықтың мәні, барша ізгілік атаулының бастауы.

Күннің шуағымен жер беті жылынса, ана махаббатының ыстық сезімі күллі әлемді жылытады. Ана. Осы бір үш әріптен тұратын жалғыз-ақ сөздің астарында ғаламат бір сүйіспеншілік, балаға деген махаббат, ұлы сезім жатыр. «Ана» деген көз алдына бар дүниені елестетіп, Алланың маңдайына жазғанына көндігіп, қандай қиыншылық болса да бәрін үнсіз көтере білетін, ер-азаматына, мәпелеп өсірген баласына деген ақ тілегін өз ғұмырынан да артық көретін жаратылыс.
Ананың аялы алақаны мен жылы жүрегіне, шексіз махаббаты мен кіршіксіз таза көңіліне тең келер ештеңе жоқ шығар,сірә. Сондықтан да баршаға қадірін бағалатқан ізгілігі мол қазақтың ару қыздарын ардақтап, құрметтеңіздер. 

Кербез көктемнің шуақты күндерімен бірге келіп жеткен айтулы мереке – Аналар күні. Бұл мереке перзенттер үшін анасын барынша қуантып, алғысын білдіруге үлкен мүмкіндік. Олай болса, барша аяулы аналарымызды төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. 

Жұмабала БАЛАҚАРАНОВА,
ардагер ұстаз