Жылқыға мінгізіп емдейді

Уақыты: 09.03.2024
Оқылды: 482
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Раушан Бүркітбайқызы арман  қуып  Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға аттанды.  Үлкен жолға шығар алдында ауыл ақсақалдарының батасын алды. Сол бата Раушанның жолын ашып, оқу, білімдегі жетістіктерге жетуіне негіз болды.  Мамандыққа деген сүйіспеншілік аспирантурадан бірақ шығарды.  Ізденіс жетістікке жеткізді. Ол педагогика ғылымдарының кандидаты атанды.  Жас ұрпақты тәрбиелеген ұлағатты ұстаз талай  қыз-жігітттің білікті маман болуына күш салды.  Еңбегі ақталып, шәкірттері жетістіктерімен қуантып келеді. 

Раушан Байтанова «Rakhym» атты қайырымдылық қор құрып,  2016 жылдан бастап  өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсетуді қолға алды. Бұл орайда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ерекше балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет», – деген сөзі бастаманың іске асуына септігін тигізді. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен 2019 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа ие болып, ерекше күтімді қажет ететін балалар мен жасөспірімдердің оңалту орталығы ашылды. Қызмет алушылар 3 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар.  Оның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған, психо-неврологиялық дертке шалдыққан,  психикалық ауытқуы бар, тіл дамуы кешеуілдеген, Даун синдромы, дюшен және тағы басқа сырқаты бар мүгедек балалар бар. 

Раушан Байтанова осындай мүгедектерге қызмет көрсетуде біраз факторларға назар аударды.  Қызмет алушылардың тұрғылықты жері, балалардың ерекшелігі, диагнозына қарай  ұзақ жолға шыдауы, тасымалдау  кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жұмыс істейтін ата-аналардың жұмыс уақытының  ыңғайына қарау,  аудандағы арнайы педагогика мен медицина саласындағы жас мамандарды жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Мұның барлығы мұқият үйлестіруді қажет етеді. Бұл орайда бала жанының бағбаны  көмек алушылар мен ата-аналарының жағдайына мұқият қарады.    

Мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналарына  8 бағыт бойынша кеңес-сабақ берілуде. Олар әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік- психологиялық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық барысында көмек көрсетілуде.  Раушан Бүркітбайқызы  ерекше балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын түзету үшін «Иппотерапия (ат үстінде оңалту)»  жобасын қолға алды. Аталмыш жоба   2019 жылы республикалық  «Ең үздік әлеуметтік нәтижелі жоба» атанып, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің марапатына ие болды. Орталықта мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесі қолданысқа енгізілген. Заманауи тәсілдер, олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ғылыми-педагогикалық негіздер, кадр даярлау, оқу-әдістемелік әлеуетті  қалыптастыру барысындағы «Rakhym» орталығындағы  жетістікті ерекше атап өту керек. 

Раушан Байтанова: 
– Мәселелерді зерттей келе жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарының оқу жоспарларында «Арнайы психология», «Арнайы педагогика», «Әлеуметтік қызметкер» пәндерінің бағдарламалары  ойдағыдай жүргізіліп жатыр деп айта алмаймыз. Бүгінгі таңда қажетті кәсіби әлеуметтік мамандардың инклюзивтік білім беру бағытындағы оқу сағаттарының жүйелі қамтамасыз етілмеуі – мамандардың тапшылығы туындатуда.  Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Жаңа ұрпақ – жаңа ұстаз»  тақырыбында өткен форумда «Rakhym» ұйымы өз зерттеулері негізінде  құнды пікірлерімен бөлісіп, аталмыш мамандықтардың маңыздылығын дәлелдей отырып, типтік бағдарламаға енгізілуін,  заманауи арнайы мамандарды даярлау мәселелерін көтерді. Егер аталған бағдарламалар жақын арада өз шешімін тапса, типтік бағдарламаларды әзірлеу барысында тәжірибелік базаларымен байланыстыру қажеттілігі  сұранысқа ие болады. Себебі, арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету үшін қажетті кәсіби рөлдерге мамандар бірден сәйкес келе бермейді,– дейді. 

Орталық жетекшісі мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету барысындағы ойын айтудан жалықпайды. Ол педагог оқытуда жоғары кәсіптік білім берудің педагогикалық мамандықтарының оқу жоспарларына  «Арнайы психология», «Арнайы педагогика», «Әлеуметтік қызметкер» пәндерін енгізу, мүмкіндігі шектеулі балаларды толерантты қабылдауға дайын болу жүйесіндегі психологиялық-педагогикалық концепцияларды дамытудың қазіргі тенденцияларын білу, баланың психофизикалық дамуының жеке ерекшеліктерін дамыту, мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналарына психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуді жүзеге асыруда әртүрлі бейіндегі мамандар ұжымында жұмыс істей білу керектігі жайлы айтты.  

Гүлжан ТҰРСЫН
Фото: dzen.ru