Тұскиіз түгендеген Наталья

Уақыты: 11.03.2024
Оқылды: 356
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақтың қолөнер дүниелерін ескі көздер білгенмен бүгінгі ұрпақ музей мен көрмелерден ғана көріп жүр. Осы бір ескі көз – ертеден жеткен дүниелерді біраз қазақ ұмыта бастағанмен Франция азаматшасы Наталья Кривецте тұскиіздің  20 түрі бар.


Наталья Кривец – Қазақстанда туып- өскен. Кейін француз азаматына тұрмысқа шығып, Францияға көшкен. Талай жыл шетелде тұрып, Алматыға бір келгенде тұскиізге көзі түседі. Содан бері көне дүниелерге қызығушылығы артып, төл өнерімізді зерттеп, жинақтап жүр. Терең мағынасы, қайталанбас стилистикасы бар тұскиіздерді Наталья елорданың біраз көрмелерінде жұртшылыққа көрсеткен. Алда осы дүниелерді зерттей түссем, оның тарихына қанығып, одан әрі шетелдіктерге де таныстырсам деген арманы бар.

Қазақстанның тоқыма-тігін өнері шетелдік аудиторияға әлі де таңсық. Сол себепті ұмытылып бара жатқан өнерімізді шетелге таныстыруды ойлауда. «Әсіресе өнер туындылары Францияның атақты «Лувр» мұражайындағы көрмеден орын тапса», – дейді тұскиіз коллекционері. Бұл жағын Франция президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға ресми сапары кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып өткен. Бұл дәл осы тұскиіз өнерінің мәртебесі үшін айтулы әрі қуанышты жаңалық.