Жүйкеге салмақ салмайық

Уақыты: 11.03.2024
Оқылды: 333
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жүйке жүйесі – бұл адам денесінің маңызды және күрделі бөлігі. Ол өмірдің барлық қырын бақылайтын үлкен желі. Ас қорыту, сезу, сезіну, тыныс алу, осының барлығы сананың күрделі функциялары. Жүйке жүйесінің зақымдануы бас ауруы, концентрациялық қиындықтар, тердің шамадан тыс бөлінуі сынды ауруларға алып келеді. Қаланың күнделікті күйбең тіршілігінен шаршаған адамдардың көкейінде  «жүйке жүйесін қалай нығайтуға болады?»  деген сұрақтың бары анық. Бұл сұраққа жауап тапқыңыз келсе төмендегі кеңестерді оқып көріңіз. 


Адамның жүйке жүйесі парасимпатикалық және симпатикалық болып екіге бөлінеді. Біріншісі – ағза тыныққан кезде жұмысқа кіріседі. Осы сәтте ас қорыту, ұйқы сияқты ағзаны қалпына келтіру кезеңдері іске асады. Ал, симпатикалық жүйке жүйесі ағза іс-қимылға кіріскенде әрекет етеді.

Біз үнемі күйзелісте жүрген кезде симпатикалық жүйке жүйесі белсенді түрде жұмыс істейді. Бірақ, дене ұзақ уақыт мұндай күйде жүре алмайды. Осылайша, жүйке жүйесі шаршайды. Нәтижесінде, ұйқысыздық, жиі суық тию және басқа да жағымсыз әсерлер пайда болады.

Симпатикалық жүйке жүйесі де тынығу қажет. Сондықтан, жабығуға жол бермеген дұрыс. Ол үшін жаныңызды жадырататын, өзіңізге ұнайтын іспен айналысқаныңыз жөн. Адамдармен араласқанда да жаныңызды түсінетін, қуанта алатын жанмен  бірге болуға тырысыңыз.

Тыныс алу жаттығулары. Денені шынықтыру парасимпатикалық жүйке жүйесінің қызметіне жақсы жағдай жасайды. Анығырақ  айтқанда, арнайы тыныс алу жаттығулары демалуға, ағзаны емдеуге  «жұмыс жасайды».
Тыныс алу жаттығулары йоганың ажырамас бөлігі. Жүйке жүйесін нығайтудың басқа да жолдарын іздесеңіз йогаға жазылыңыз. Өйткені, осы тәжірибе мыңдаған жыл бойы өзінің оң нәтижесін беріп келеді. 

 Жүйке жүйесінің диетасы.  Табиғи жолмен жүйке жүйесін нығайтудың ең жақсы жолы – пайдалы тағамдар тұтыну.
Жүйке жүйесі қоректік заттар, дәрумендер мен минералдарды көп талап етеді.  Атап айтқанда, Омега-3 және пайдалы майлар, D дәрумені мен В тобындағы дәрумендер және магний.

Жаяу серуендеу. Табиғат аясында 30 минут жаяу жүру  жүйке жүйесіне өте тиімді әсер етеді. Әсіресе, таңғы уақытта серуендеу пайдалы.

Массаж. Жүйке жүйесін нығайтудың өте жақсы тәсілі. Тұрақты түрде массаж жасату парасимпатикалық жүйке жүйесінің демалуына көмектеседі. Жалпы адам денсаулығының 90 пайызы өзін-өзі күтуге, дұрыс демалу мен тамақтануға байланысты. Сондықтан, ағзаны күтудің табиғи жолдарын көңіліңізге тоқи  жүріңіз. Ең бастысы – жаныңыз жабырқамасын.

Ақмаржан Тәшімова, 
облыстық  аурухананың  невропатолог-дәрігері