БАБАЛАР ЖОЛЫ - БАҒДАРШАМ

Уақыты: 29.03.2024
Оқылды: 309
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Дінсіз адам болуы мүмкін. Бірақ дінсіз қоғам болмайды. Себебі – қоғам бір адамнан ғана емес, сан түрлі ұлт пен ұлыстан тұрады. Әр халықтың өзіне сай салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Сонымен ұстанатын діні де әртүрлі.

 


Қазақ халқы қаншама жылдан бері хақ ислам дінін ұстап келеді. Соңғы жылдары жат ағымның жетегіне кетіп, әсіресілтеушілердің кесірінен айрандай ұйыған жұртты сүттей ірітіп, дәстүрінен жерітіп, ұлттық құндылықтарға қырын қарайтындардың қатары көбейіп келеді.

Ислам діні – арандатудың емес, бірліктің, ынтымақтың ұйытқысы. Надандықтың емес, білім мен ғылымның бағдаршамы. Солай бола тұра кейбір дін ұстанушылардың білімсіздігінен ислам діні қараңғылыққа апаратындай әсер қалдыруда.  Мұқағали ақынның «Дін – ғылымның анасы» деген бір-ақ ауыз сөзінен исламның барлық ғылым-білімнің шамшырағы екенін аңғаруға болады.

Жақында ғана Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы қазіргі діни ахуалға баса көңіл аударып, біраз мәселені ортаға салды. «Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет», – деген сөзін текке айтып отырған жоқ.

Біздің еліміз ұстанатын ханафи мазхабы дін мен дәстүрді руханияттың қос қанатына айналдырып, ақ пен қараны бастан жілікті айырғандай көрсетіп бере алатын жол. Бастан-аяқ қара жамылып, қаралы үйдің адамдары сияқты болмай шариғат шеңберіне сай, қоғамға оғаш көрінбейтін киіммен жүріп-ақ дін ұстануға болады. Осы тұрғыда қазақ халқының ұлттық киімі нағыз ізгіліктің киімі. Әжелеріміз кимешегін киіп, аналарымыз ақ жаулығын тағып жүріп-ақ өнеге мен тәрбиені ұрпағының санасына сіңіріп келген. Ендеше, жат ағымның жетегіне кетпей, көрген жанның көңіліне жұбаныш, жанына тыныштық орнататын жолмен жүргеніміз дұрыс.

Қанат МАРАТҰЛЫ,
«Дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығы» КММ маман-теологы, психолог, РАНТ мүшесі