МҮГЕДЕКТЕР МҰҚТАЖЫН ӨТЕДІ

Уақыты: 29.03.2024
Оқылды: 391
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сирек мамандық иелері саналатын нотариустер ақылы кеңес беріп, түрлі мәмілелерді куәландырумен қатар ізгілікті істермен де айналысады. Ондай шаралардың қатарына жалғызілікті қарттар мен көпбалалы отбасыларына, мүгедектерге тегін кеңес беру де кіреді.


Жетісу облысының нотариалдық палатасы жақында сондай қайырымдылық шараларының бірін ұйымдастырды. Нақтырақ айтатын болсақ, нотариалдық палата төрағасы Арман Бекішбаевтың ұйытқы болуымен нотариустер «Қазақстанның саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалында болып, бір-бірімен өзгеше тілдесетін замандастарымызға тегін заңгерлік кеңес берді.

Арман Сейітжапарұлы бұл жүздесудің мән-мақсатын жан-жақты түсіндіріп өткеннен кейін нотариустер Қатира Мұқатаева мен Гүлнара Иманбековалар өз мамандықтарының қай кезде керектігі мен өмірде кездесетін сан түрлі жағдайларда заң талаптары тұрғысынан қалай әрекет ету қажеттігін айтып өтті.
Сөз орайы келгенде замандастарымыздың қай-қайсына да, соның ішінде әсіресе осындай мүгедек жандарға нотариус көмегінің ауадай қажет болатын жағдайлардың туындап тұратынын айта кетейік. Содан кейін де болар, жиналғандар заңгерлердің әр сөзін дерлік қалт жібермей мұқият тыңдады. Өз кезегінде осыған дейін өздерін толғандырып, жауабын білгісі келіп жүрген сұрақтардың көптеп туындағаны да түсінікті жайт. 

Сондай мәселелердің бірқатарына тоқтала кететін болсақ, куәландырылған құжаттардың бір нұсқасы нотариат кеңсесінде қалдырылып, белгілі бір мезгілге дейін сақталады. Ал енді сол нотариат жабылып, нотариустің өзі өзге бір өңірлерге қоныс аударса немесе жасы келіп өмірден өтсе одан кейінгі жерде құжаттың көшірмесін алу үшін қай мекемеге, кімге өтініш жасауға болады? Одан өзге, мүгедектерге нотариат тарапынан қандай жеңілдіктер жасалып, қандай анықтамалар тегін куәландырылады? Шетелге жұмысқа кетіп бара жатқанда балаларын ата-әжесіне табыстап, оны қамқоршы ретінде заңдастырып қоюға бола ма? Білікті нотариустер мұндай мәселелердің жай-жапсарын жан-жақты түсіндіріп, қандай жағдайда не істеуге болатынын түсіндіріп берді.

Мүгедек жандарды, аталған қоғамда жұмыс істейтін басқа да қызметкерлерді жылжымайтын мүлікті заңдастыру мен осы жайтқа орай өздерінің құқықтарын заңдастырып қою мәселесінің өзгеше толғандыратыны байқалды. Соған орай заңгерлер жылжымайтын мүлікті, яғни үй-жайды сыйға тарту мен оған өсиет қалдырудың да өзіндік ерекшеліктері барлығын атап өтіп, оларды заң білмегеннен немесе алаяқтықтың кесірінен үлкен өкінішке қалу қаупінен сақтандырды. Иә, нақты өмірде алаяқтардың арбауына  мүгедек жандардың көбірек түсіп қалатыны да жасырын емес. 

Білікті мамандар өмірлік маңызы бар құжаттарын куәландыру кезінде азаматтардың нотариустердің қызметіне жүгінуі қажеттігін де ескертіп өтті. Өйткені олар өз ісінің нағыз білгірлері саналады. Нақты айтқанда, нотариус атану үшін олардың жоғары заңгерлік білімдері болуы, тиісті біліктілік емтихандарын тапсырып, лицензия алуы, белгілі бір мерзім бойына стажировкадан өтулері шарт. Ал басқа мекемелерде құжат куәландырып жүргендерге мұндай қатаң талаптар қойылмайды. Ондай қызмет көрсетушілер қателесіп жатса, оны түзетудің де қиынға түсетіні аталып, мәселенің түптің түбінде нотариуске келіп тірелетіні тұжырымдалды. 

Мазмұнды шара соңында саңыраулар қоғамы облыстық филиалының жетекшісі Раушан Бексұлтанова осындай пайдалы кеңес беріп, мүгедек жандарды толғандырып жүрген сауалдарға жан-жақты жауап берген мамандарға шынайы алғысын айтты. Басшының «Жаңағыдай қиын жағдайларға тап бола қалсақ, кімдерге баруымыз қажеттігін жақсы біліп алдық. Мұндай жылы жүздесулер алдағы уақытта жүйелі жалғасатын болар деп сенеміз», – деген пікірін нотариустердің еңбегіне берілген жоғары баға деп қабылдадық.

Осы жерде нотариустердің қасиетті Рамазан айында бұдан басқа да қайырымдылық шарасын жасағандығын да айта кетейік. Осы мақсатта Талдықорған қаласының көп балалы, аз қамтылған 15 отбасына азық-түлік себетін таратқан қайырымды жандар айтарлықтай мол сауапқа ие болды. 
Көмекке мұқтаж жандардың тізімін Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесі нақтылады. 

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
журналистика ардагері 
Фото: doorinworld.ru