Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті
Отырыс барысында елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды, сондай-ақ экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі алдағы шаралар айқындалды.
Елбасы жиналғандарға арнаған сөзінде бүгін мемлекет алдында тұрған негізгі міндет – тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыру екенін атап өтті.
– Күрделі жағдайларға қарамастан біз 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттік қызметкерлердің орташа жалақысын 30%-ға, стипендиялар мен жәрдемақыларды – 25%-ға арттырып, зейнетақыны 9%-ға индексацияладық. 673 мың адамға мүгедектігі және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақылар көлемін 25%-ға арттырдық, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев жаңа шынайылықтың қосымша нақты шаралар қабылдауды талап ететінін айтты.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы алдағы кезеңге келесі бағыттар жөнінде бірқатар нақты міндеттер қойды. Олар:
Жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамту;
Экономиканы әртараптандыру;
Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй мәселесіне арнайы тоқталды.
– Тұрғын үй құрылысын дамытуға біз зор көңіл бөліп отырмыз. Былтырдың өзінде республикада 9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Тұрғын үй құрылысының көлемі 2016 жыл қорытындысында 10 миллион шаршы метрден асады деп болжануда. Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау үшін 2005 жылдан бері тиісті мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, көпшіліктің тұрғын үйге мұқтаждығы әлі де айтарлықтай жоғары. Жұртты тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау ісі кешенді жаңа шараларды талап етеді, – деді Қазақстан Президенті.
Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметке бірыңғай «Нұрлы Жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуді, оған қазіргі қолданыстағы бағдарламалардың барлық мәселесін кіріктіруді тапсырды.
Мемлекет басшысы отырысты қорытындылай келіп, айтылған міндеттерді орындау үшін Үкіметке биылғы республикалық бюджетті нақтылау жұмысын жүргізуді тапсырды.
– Басымдығы бар жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруға қосымша 380 миллиард теңге, оның 280 миллиард теңгесін мен бүгін айтқан шараларды іске асыруға, ал 100 миллиард теңгесін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, Астанадағы білім беру және инфрақұрылым нысандары құрылысына бағытталған және өзге де шығыстарға бөлу қажет. Ұлттық қордың қаражатын сақтап, одан әрі жинақтау мақсатымен 2016 жылы кепілдендірілген трансферт көлемін 400 миллиард теңгеге қысқартуды, сондай-ақ мақсатты трансфертті 50 миллиард теңгеге азайтуды тапсырамын. Үкімет менің тапсырмаларымды жүзеге асыру үшін 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында алдағы үшжылдық кезеңнің шығыстарын қарастыруы қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Отырыс барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауылшаруашылық министрі А. Мырзахметов, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т. Дүйсенова, Ұлттық экономика министрі Қ. Бишімбаев, Қаржы министрі Б. Сұлтанов, Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев, бірқатар облыстардың әкімдері, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқармасының төрағасы Ө. Шөкеев, сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы С. Мыңбаев баяндама жасады.