КЕГЕН АУДАНЫНДА ҚУАҢШЫЛЫҚ СЕЗІЛЕ БАСТАДЫ: ШАРУАЛАР ДАБЫЛЫ

Уақыты: 20.08.2021
Оқылды: 1418
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Биылғы қуаңшылық таулы аудан тұрғындарын да әбігерге салды. Әсіресе, суармалы жері аз Кеген ауданының халқы мал азығын дайындаудан қиындықтар көруде. Табиғи шөп алынатын шабындықтардың түсімі өз деңгейінде болмады. Соның салдарынан көпшіліктің сырттан келіп шөп сатып жүргендерге күні қарап қалды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Қиын-қыстау шақта мүмкіндіктерді қарастырып, мал азығын шешіп жатқан ауылдық округтер бар. Тасашы ауылының әкімдігі, ауылдағы ақсақалдар алқасы, тағы да басқа жанашыр жандар ақылдасып, тұрғындарды толғандырған мәселенің түйінін шешуде.

Атап айтқанда Панфилов ауданына қарасты Үшарал ауылдық округіндегі мал азығын дайындаумен айналысатын кооперативпен келісімшартқа отырды. Осылайша, ауыл тұрғындары үшін қолайлы бағадағы 10 мың тайланған шөп алу ісі басталып кетті.

Ауыл әкімі Жасұлан Өмірзақов, ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасы Рамазан Мырзағалиев, агроном Нұрқас Ысқақов аталған кооперативке барып, шөптің жайын біліп қайтты. Сыйымдылығы мол ауыр жүк көлігімен мал азығы жеткізіліп, ауылдық округке қарасты Ақтасты, Тасашы, Сарыкөл ауылдарындағы тұрғындарға таратылып берілуде. Бұл игілікті шаруаға ауыл тұрғыны Қайнар Әлиасқаровтың қосып жүрген үлесі мол. Ең бастысы, қиындық туып тұрған шақта істің ретін, игіліктің жолын іздестіріп, нақты жұмыс жасап жатқан азаматтарға алғыстан басқа айтар жоқ.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Алматы облысы