ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ӘЛЕУМЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН МАРАПАТТАДЫ

Уақыты: 01.11.2021
Оқылды: 1096
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазан айының екінші жартысында мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің мерекесі аталып өтеді. Осыған орай І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында маңызды жиын болды.

Шара әлеуметтік сала қызметкерлері жайлы түсірілген бейнефильмнен бастау алды. Онда әлеуметтік саланың маңыздылығы мен пандемия кезіндегі қызметкерлердің атқарған жұмысы көрсетілді.

Жиында сөз алған Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында еліміздің әлеуметтік саласын жаңғырту мен азаматтардың әл-ауқатын арттыру мемлекет саясатының басты мақсаты екенін атап көрсетті. Соған сәйкес облыста сала қызметкерлеріне үлкен көңіл бөлініп келеді. Өңірде 8 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер еңбек етеді. Мұқтаж жандарға көмек қолын созып, ізгіліктің жаршысы болған жандарға облыс тұрғындары атынан алғысымды білдіремін, – деп ақжарма тілегін ақтарып, әлеуметтік сала бойынша аймағымызда атқарылған жұмыстарды баяндады.

Облыста әлеуметтік қорғау саласында халыққа 400 мыңнан астам адамды қамтитын 45 түрлі әлеуметтік маңызды қызмет көрсетіледі. Нәтижесінде түрлі жобалар іске қосылып, жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайыздан 4,8 пайызға төмендеген. Мобильді жұмыспен қамту орталықтары үшін жергілікті бюджет есебінен 3 автокөлік сатып алыныпты. Жыл соңына дейін тағы  7 автокөлік сатып алу жоспарлануда. Бүгінде облыста 366  адамнан тұратын 20 халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс атқаруда.

Осыдан кейін Батыржан Құлаймергенұлы әлеуметтік қорғау жүйесінің ең үздік ұйымдарын, «Еңбек жолы» облыстық байқауы жеңімпаздарын марапаттады. Сондай-ақ, бірқатар қызметкерге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты мен ақшалай сыйлық берілді.

Келесі кезекте аудан, қалалық қайырымдылық қоры, әлеуметтік қызмет көрсету, жұмыспен қамту орталықтарының басшылары сөз алып, ізгі тілектерін білдірді.

Шара соңы мерекелік концертке ұласты. 

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы