ТАЛДЫҚОРҒАННЫҢ ӘКІМІ ЕЛДІ ҚУАНТАТЫН ЖАҢАЛЫҚТАРЫН АЙТЫП БЕРДІ

Уақыты: 14.12.2021
Оқылды: 1131
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жыл санап емес, ай санап көркейіп келе жатқан, «Жетісудың жауһар қаласы» атанған Талдықорған шаһары да ұлық мерекеге толымды табыстарымен, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерімен келіп отыр. Қала әкімі Ержан Жасыбаевпен арадағы сұхбатымыз осынау жетістіктер төңірегінде, өмір болған соң туындамай тұрмайтын кейбір өзекті мәселелердің шешімі жайында өрбіді.

– Ержан Бәкірбайұлы, ең алдымен өзіңізді алда келе жатқан үлкен мереке – еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтап өткім келеді. Ұлық мерекеге деген жақсы жаңалықтарыңыз, толымды тартуларыңыз да бар шығар?

– Оған сөз бар ма? Сәтін салса биылғы жылды шын мәнінде табысты қорытындылайық деп отырмыз. Бұл сөзіме дәлел ретінде бірнеше көрсеткішті келтіре кетсем деймін. Мәселен биылғы жылдың 10 айында бюджет қоржынына түскен салықтық түсімдер мен басқалай төлемдер көлемі 47,5 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің өткен 2020 жылы 39,0 млрд. теңге болғандығын айтсақ, салықтық түсімдердің қаншалықты көбейгендігін бағамдауға болады. Сол сияқты өткен жылы 93,2 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілсе, биылдың 10 айында соған жетеқабыл көрсеткішке (92,2 млрд. тг.) жетіп отырмыз. Ауылшаруашылығындағы жалпы өнім көлемі жайында да осыны айтуға болады.

Қалаға газбен жүретін жайлы автобустар әкелініп, жабық жүзу бассейні секілді заманауи құрылыстардың пайдалануға берілгені де сондай жақсылықтардың қатарында.

Тұрғындарды жұмыспен қамту жайының қай кезде де назарда болатындығы белгілі. Бұл жағынан да мақтанышпен айтуға болатын көрсеткіштеріміз бар. Нақты айтатын болсақ, биылдың 10 айында қала бойынша 5536 жаңа жұмыс орындары ашылып отыр.

Мерекеге тарту жайына келетін болсақ, осы мейрамның алдында қаламыздың №6, №7 шағынаудандарынан 110 пәтерді пайдалануға берейік деп отырмыз. Демек, осыншама отбасы күні ертең баспана қуанышына бөленбек. Атаулы күнге дайындаған, қала тұрғындарын қуантатын басқа да жаңалықтарымыз жеткілікті.

– Құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуге дайын тұрған басқа да үйлер бар сияқты...

– Оныңыз рас. Жалпы құрылысы аяқталып тұрған басқа да үйлер бар. Дегенмен кейбірінің абаттандырылуы толық бітпеген, тағы бірқатарында бір қарағанда ұсақ-түйек көрінгенімен күні ертең қолайсыздық, тіпті, тұрғындар тарапынан орынды реніш те тудыратын мәселелер бар. Осыдан біраз уақыт бұрын коттеджді қалашықта нақ сондай реніш туындағаны естеріңізде болар. Бұгін қабылдау актісіне қол қойып қойсақ, ертеңгі күні мердігерлерді таппай қалуымыз да мүмкін. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» дегендей, сол себептен де ондай үйлерді пайдалануға беру мерзімін келесі жылдың наурыз, сәуір айларына шегеріп отырмыз.

– Тұрғын үй жайы сөз болып қалған соң осы мәселе жайындағы әңгімені жалғастырсақ. Ондай үй алу кезегінде тұрғандардың тізімі ретке келтіріліп жатыр деп естідік.

– Бұл – өмірдің өзінен туындаған қажеттілік. Қалаға әкім болып келгелі осы мәселені, яғни электрондық билеттендіру дегенді қолға алып жатырмын. Соған орай осы заманғы мүмкіндіктерді пайдалана отырып орталықтандырылған ашық тізім жасадық. Оған ауысу кезінде 478 адам тұрғын үй кезегінен алынып тасталды. Компьютерге енгізу кезінде анықталғандай, олардың бірқатарының Алматы облысында болмаса да Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, не болмаса басқа жерлерде үйлері болып шықты.

Рас, тізімнен қателікпен шығарылғандар да анықталып жатыр. Мәселен, аты-жөндері бірдей болып шыққан адамдармен нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Ондайлар қайта есепке қойылады. Алдағы уақытта әр тұрғын үйінде отырып-ақ қай жерде қанша үй салынып жатқандығын, қаншасыншы болып кезекте тұрғандығын, шамамен қай үйден пәтер алатындығын көре алатын болады.

Үй бергенде дау-дамай туындамауы үшін құрамына әлеуметтік топтардың әрқайсынан өкіл енгізе отырып тұрғын үй комиссиясын қайта жасақтадық. Үйлер толық дайын болғанда сол кісілерді шақырып, шешімді бірлесе отырып қабылдаймыз.

– Қаланың өзекті мәселесінің бірі – тұрғындарды көмірмен жабдықтау болып тұр емес пе?

– Бұл мәселені шешу қай уақытта да назарда. Болжам бойынша қала тұрғындарына қысқы маусымда 92 мың тонна көмір қажет болса, соншалықты көлемдегі, тіпті одан да көп көмір ай басына дейін сатылды. Ендеше не себептен көмір жетпей жатыр? Бұл жерде қаланың көмір сататын нүктелерінен шаһар тұрғындары ғана емес, жақын маңдағы Ақсу, Сарқан, Көксу, Ескелді, Қаратал аудандары тұрғындарының да отын сатып алатындығын ескеруіміз керек.

Осыған дейін арнайы тұйыққа күніне орташа алғанда 9 вагон көмір келіп тұрды. Осы айдың 20-ларына дейін тағы 60 вагон көмір келеді деп күтілуде. Осы жерде «Жүрек жылуы» акциясының аясында 200 тонна көмірдің көп балалы, аз қамтылған отбасыларына тегін берілгенін де атап өтпей болмайды. Алдағы уақытта тағы 100 тонна көмір 50 отбасына таратылмақ.

Тұйық демекші, осы жылдың қазан айында қала тұрғындары үшін көмір босатылатын арнайы тұйық жасатқанымызды да айта кетейік. Мұның өзі жақын болашақта, яғни келер жылдары тұрғындар көмір тапшылығын сезінбейтін болады дегенді білдіреді.

– Қайырымдылық жайында әңгіме қозғалып кетті ғой. Жаңағы «Жүрек жылуы» акциясы жайында сәл кеңірек айтып өтсеңіз.

– Көмір мәселесі бойынша көмек көрсетілгенін айтып өттік. Соңғы бірнеше айда аталған акция барысында 64 адамға, яғни соншама отбасына қайырымдылық көмегі жасалды. Қалалық мәслихатпен, қоғамдық ұйымдармен келісе отырып бірінші кезекте аз қамтылған отбасыларындағы балаларды мектепке дайындауды қолға алдық. Нәтижесінде қала аумағында «Балалар мектепке бара алмай қалды», «Киімі, оқу құралы жетпей қалды» деген әңгіме шыққан жоқ. 
Бүгінде ең бірінші кезекте қажет деп табылған азық-түлік түрлерінен пакет дайындап, зәру адамдарға таратып жатырмыз. Бұл бағытта атқарылған осындай жұмыстарды көптеп айтуға болады.

– «Талдықорған» газетіндегі әріптестеріміз қаржылай қиындыққа тап болғанда көмектескеніңізді естіп, қуанып жатырмыз. Бұл үшін журналистер қауымының өзіңізге деген шынайы ризашылығын қабыл алыңыз.

– «Жекешеленейін деп жатқан басылымға неге көмектесесіздер?» деп соңымызға шам алып түскендер де болды. Ондай үстірт тұжырым жасауға болмайды. Шындығында газет ұжымы бізге бөтен емес қой. Кешегі күнге дейін өзіміздің басылым болып келді, күнделікті атқарып жатқан жұмысымызды көпшілік оқырманға жүйелі жеткізіп, насихаттап отырды. Ендеше сол газет қаржылай қиындыққа ұшырағанда неге көмектеспеске? Сол себептен де мәселенің мән-жайына бойлап, бәрін заң аясында шештік. Бірігіп істеген тіршіліктің арқасында газетке басылым ұжымы ие болып қалды.

– Ендеше сол газетке, сол қатарда облыс әкімдігінің өзі құрылтайшы болып отырған облыстық «Jetіsý», «Огни Алатау» газеттерінің жазылымына да көмектесетін шығарсыз деп үміттенеміз.

– Әрине, сонау бір жылдардағыдай жаппай жазылуға ешкім міндеттемейді. Дегенмен ең алдымен облыс, қала әкімдіктерінің жұмыстарын жүйелі көрсетіп отыратын басылымдарға жазылыңыздар деген насихатты жүргізгеннен ұтыла қоймаспыз деп ойлаймын.

Мерейлі мереке қарсаңында бұл мәселені де назарда ұстайтын боламыз.

– Енді алдағы жоспарларыңызға келсек. Кейінгі он жылдың көлемінде 30 мыңға көбейіп, бүгінде 180 мың адамды құрап отырған шаһар тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту бағытында қандай жақсы жұмыстар атқарылмақшы?

– Ең алдымен, бүгінде қала тұрғындарының 54 пайызының газға қосылғандығын айтып өтейік. Алдағы 2-3 жылда бұл көрсеткішті 80-90 пайызға жеткізсек деп отырмыз. Сол қатарда қаладағы 4 қазандықты газға ауыстырдық. Келесі жылы бесінші қазандық та көгілдір отынмен қыздырылатын болады. Мұның өзі қала тұрғындарына қолайлылық, қаржылай тиімділік әкеп қана қоймай ауаға шығарылатын зиянды қалдықтарды да өлшеусіз азайтуға мүмкіндік береді.

Қала сыртындағы «Жастар-1» және «Жастар-2» шағынаудандарының, жаңадан салынып жатқан коттеджді қалашықтың инфрақұрылымы талапқа сай болатындай деңгейге келтірілмек. Сол сияқты қаланың төңірегіндегі саяжайлардың бәрінің өзекті мәселелерін шешіп, қалаға қосу ойда бар.

Көпқабатты үйлерде тозығы жете бастаған жеделсатыларды ауыстыру, сондай көпқабатты үйлердің шатырларын жаңарту, автокөлік жолдарын салып, оларды күрделі жөндеуден өткізу, қаланың төменгі жағындағы дренаж каналдарын жаңғырту, апатты жағдайдағы үйлерді құлатып, онда тұратын адамдарды жаңа пәтерлермен жабдықтау да өзекті мәселелердің қатарында. Бұл жұмыстардың қай-қайсымен де жүйелі түрде айналысып, нақты шешімдерін қарастырудамыз. Ондай мәселелерді бүгін шешпесек алдағы уақытта қала алдында қомақты қаражатты қажет ететін үлкен проблемалар туындауы мүмкін.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, осындай жұмыстар ретімен атқарылған жағдайда шаһарымыздың бұрынғыдан да шырайлана түсетіндігі сөзсіз.

– Әңгімеңізге көп рахмет! Мерекеде мол табыс, жұмыстарыңызға жеміс тілейміз!

Сұхбатты жүргізген - Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,

Қазақстанның Құрметті журналисі