ТҰЙЫҚ АУЫЛЫНДАҒЫ ЕҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАПТЫ. ТҰРҒЫНДАР ДӘН РИЗА

Уақыты: 02.01.2022
Оқылды: 1404
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Кеген ауданындағы Тұйық ауылының тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізді. Осындағы ел-жұртты көп жылдардан бері толғантып жүрген мәселе сәтімен шешілді.

Ауыл халқын ауызсумен қамту оңайлыққа түскен жоқ. Ауылдағы әр шаңырақ таза ауызсуға қол жеткізу үшін 9,5 шақырым су жүйесі жасалды. Бюджеттен 393 миллион теңге қаражат бөлініп, екі жылдың ауқымында күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілді. Су жүйелерін жасаумен «Реоголит» ЖШС-нің мамандары мен жұмысшылары айналысты.

Облыстық мәслихаттың депутаты Сейдолла Сәрсековтің демеушілігімен, қолдауымен Кеген орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесіне қарасты өңірдегі бұлақ көзінен бір шақырым қосымша су жүйесі тартылды. Осылайша су қорының мөлшерлі әрі қалыпты деңгейде болуы қамтамасыз етілді. Сөйтіп, ауыл тұрғындары мерейлі мереке қарсаңында ауызсулы болды.

Ауданда бұдан бөлек «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Бөлексаз ауылында, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша Алғабас ауылдық округінде ауызсу жүйелерін жаңғырту жұмыстары сәтімен аяқталып келеді.

Ел-жұрттың қуанышына Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов пен облыстық мәслихаттың депутаты Сейдолла Сәрсеков ортақтасып, жақсы тілектерімен бөлісті. Тұйық ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Кемелжан Раматов тұрғындар атынан алғысын жеткізсе, ауыл қариясы Туғанбай Ақынбаев ақ батасын берді.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы