АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҚАЗА ТАПҚАН ӘСКЕРИЛЕР ЖЕР ҚОЙНЫНА ТАПСЫРЫЛДЫ

Уақыты: 10.01.2022
Оқылды: 1373
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгін Қазақстан халқы аза тұтып жатыр. Тыныштықтың самалы тербеген Көк байрағымыз бір күнге төмен түсті. Еліміздің батыс аймағынан басталған бейбіт митинг арандатушылардың арам пиғылының нәтижесінде қанды қақтығысқа ұласты. Осыдан отыз бес жыл бұрын бодандықтың бұғауын бұзып, еркіндікке жол ашқан Алматының төрінде басталған толқуды бірінің артынынан бірі іліп әкетіп, өзге облыс орталықтарында дәл сол сценарий жалғасты.

Бейбіт митингіні пайдаланып, лаңкестік жасаған содырлар сойқанында күштік құрылымдағы азаматтар мен бейбіт тұрғындар да оққа ілініп, қаншама қандасымыз жарық дүниемен қош айтысты?!

Тоналған дүниенің орны толар, жоғалған зат табылар. Ал тыныштық күзетінде жүріп, құрбан болған, әкесінің қабырғасын күйретіп, анасын аңыратып кеткен қайсар азаматтар мен жазықсыз опат болған жандардың орны тола қоймасы анық. Осыған орай ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялағаны белгілі.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматы облысының құқық қорғау және әскери қызмет саласында жүрген бірнеше азамат қайтыс болды.

5 қаңтарда Талдықорғандағы Ұлттық Ұланның сарбазы, 18 жастағы Айбат Ерболұлы Аманов тәртіпсіздікке қарсы күрес кезінде мерт болды. Ол  мерзімді әскери қызметке былтыр көктемде Қарағанды облысының қорғаныс істері бойынша департаментінің шақыртуымен келген. 8 қаңтарда Қарағанды облысында сарбазбен қоштасу рәсімі өтті.

6 қаңтар күні қарулы топ Талдықорған қаласындағы уақытша тергеу изоляторына шабуыл жасады. Олардың біреуі жараланып, біреуі өлтірілді. Лаңкестерге қарсы тұрған құқық қорғаушылардың үшеуі жараланып, біреуі қайтыс болды. Оққа ұшқан қызметкердің аты-жөні - 1976 жылы өмірге келген әділет прапорщигі Ербол Тілеубекұлы Ержанов. 23 жыл еліне қалтқысыз қызмет еткен батыр 9 қаңтар жер қойнына тапсырылды.

Қорғаныс министрлігі тәртіпсіздік кезінде тағы бір әскери қаза болғанын мәлімдеді. Талдықорғанда 25 жастағы ефрейтор Ғабдолла Смаилқанов қайтыс болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тәртіпсіздік кезінде қаза болған полицейлер мен әскерилерді мемлекеттік наградалармен наградтау туралы Жарлыққа қол қойды.

Ішкі істер министрлігі Алматы облысының полиция департаменті жедел қимылдау арнайы жасағының инспекторы Дархан Ермекұлы Барғанаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, Ішкі істер министрлігі Ұлттық Ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Айбат Ерболұлы Аманов, Ішкі істер министрлігі Алматы облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ЛА-155/16 мекемесінің аға бақылаушысы Ербол Тілеубекұлы Ержанов, Қорғаныс министрлігі 21751 әскери бөлімінің маманы (операторы) Ғабдолла Ғалымұлы Смайылқанов ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы