СЕНАТОР ҚЫЗЫЛАҒАШ ПЕН ҚАПАЛДАҒЫ ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕНІ КӨРДІ

Уақыты: 19.03.2022
Оқылды: 1596
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлейменова Ақсу ауданының Қызылағаш, Қапал елдімекендерінің тұрғындарымен кездесу өткізді.

Депутаттың аталмыш елдімекендерге бару себебі, қос ауылда жер дауы жиі болады. Наразылық түбі жақсылыққа апармайтыны белгілі. Елдегі Қаңтар оқиғасының түп-салдары да осы мәселеде. Ләззат Жаңылысқызы жиынды ашқанда қаңтардағы қасіреттің елге тигізген кесапатына тоқталды. Депутат барлық іс-шарада халық пен билік түсіністікте өмір сүрсе, мұндай жағдай болмайтын еді дегенді жеткізді.

Ләззат Жаңылысқызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының ерекшеліктерін айта келіп, тұрғындарды облыстың бөлінуі жайлы жаңалықпен құттықтады. Бірақ қызылағаштықтардың облыстың бөлінгенінен гөрі өздеріндегі жер, су, техника, мал ұрлығына алаңдаулы екендіктері екі сағатқа созылған тартысты дау кезінде аңғарылды.

Мәселе елдімекенге қарасты 1420 гектар жердің "Ақсуагрохолдинг" ЖШС-на өтіп кетуіне байланысты туындаған. Халық серіктестікке өтіп кеткен пайларын қайтарып алғысы келеді. Ал серіктестік болса тауарлы сүт фермасын ашып, 600 бас сауын сиыр әкеліп қойған. Қызылағаш тұрғындары, сондай-ақ, өз қалталарынан ақша жинап, "Қызылағаш" ЛТД-ға сатып алған техникалардың осыдан сегіз жыл бұрын, яғни, 2014 жылы "Ақсу тұрғын үй" мекемесіне беріліп жіберілгеніне ренжулі. Бірақ техника мекемеге жеткізілмей, әркімнің қолында кеткен. Өз қаражаттарына сатып алынған техниканың талан-таражға түскеніне қызылағаштықтар қапалы. Сол техниканы қайтадан өзімізге қайтарса дейді ауыл халқы.

Ауылдағы тағы бір өзекті мәселе, мал ұрлығының азаймай тұрғандығы. Жоғалған түлік көп жағдайда табылмайды. Бұл құқық қорғаушылардың әлсіздігін білдіреді. Кездесу соңында аталмыш мәселелер Сенат депутаты мен аудан әкімі Есім Базархановтың назарына алынды.

Халық қалаулысы Ләззат Жаңылысқызының Қапал ауылындағы халықпен кездесуінде тоқырау жылдары "Күреңбел" шаруа қожалығына өтіп кеткен жерлерді қайтару мәселесі көтерілді. Тұрғындардың айтуынша, Күреңбелдегі 20 мың гектар көлеміндегі жер тұрғындарға өткені жөн. Бұл бірнеше жылдан бері қозғалып келе жатқан мәселе. Халық туризммен шұғылданғысы келеді. Таудағы тұрғылықты халық "Жылысу" атап кеткен аймақ этнотуризмге сұранып-ақ тұр. Онда қымызбен емдеу, тауға серуендеу, ат спортын да дамытуға болады. Бірақ жолдың нашарлығы кәсіпкерлікті дамытуға қолбайлау болуда. Тұрғындар осы мәселені де қозғады. Қапалдағы жаңа Мәдениет үйінің жылу жүйесінің дұрыс істемейтіні, әкімдік ғимаратының жоқтығы да айтылды. Ауылда бау-бақша суаратын арық суы да дұрыс тартылмаған.

Қапалдағы, жалпы, Ақсу ауданындағы тағы бір өзекті мәселе, "Жедел жәрдем" көліктерінің ескілігі. Көбі екі күннің бірінде сынады. Ауданда коронавирусты анықтайтын компьютерлік томография аппараты, оттегі станциясы жоқ.

Осы мәселелердің барлығы дерлік аудан тұрғындары тарапынан депутат назарына ұсынылды.

Гүлжан ТҰРСЫН,

Ақсу ауданы

Алматы облысы