ҚЫМБАТШЫЛЫҚ БҮКІЛ ӘЛЕМДІ АЛАҢДАТЫП ОТЫР. ҮКІМЕТ КҮРДЕЛІ ЖАҒДАЙҒА ДАЙЫН БА?

Уақыты: 17.07.2022
Оқылды: 1720
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыста еліміздегі дәл қазіргі кезде қалыптасып отырған күрделі жағдайдың ең жанды тұстары талқыланып, оларды шешудің нақты жолдары ұсынылды.

Шындығын айту керек, соңғы жылдары жұртты әбден қалжыратқан індеттен енді ес жиямыз ба дегенде әлем дүрбелеңге ұшырап, геосаяси жағдай тым шиеленісіп кетті. Төрткүл дүниені түгел алаңдатып отырған қымбатшылық, азық-түлік жетіспеушілігі біздің елді де сырт айналып өткен жоқ. Дегенмен кез келген күрделі жағдайға дайын болуға тиісті Үкімет бұл жолы да өзінің міндетін мүлтіксіз орындай алмағанын айта кеткен жөн.

Еліміздегі аграрлық саланың мүмкіндігін тиімді пайдалана алмай отырмыз. Егер құнарлы жерлерімізді дұрыс игеріп, мал шаруашылығын барынша өркендетсек, басқа-басқа, күнделікті тұтынатын азық-түліктен тапшылық көрмес едік. Осы орайда бір кезде 50 мың гектарға дейін қант қызылшасын өсіріп, өңірдегі 5 қант зауыты арқылы өз елімізбен қоса, басқа да одақтас республикаларды қантпен қамтамасыз еткен Жетісу облысында шекер тапшылығы туындағанының себебін түсіну өте қиын.

Жол салу саласындағы жемқорлықтың шектен шыққанын Алакөл мен Балқашқа апаратын күрежолдардың жылдарға созылып кеткен күрделі жөндеуінен-ақ аңғаруға болады. Ал Үшаралдан шекарадағы Достыққа апаратын халықаралық маңызы бар трассаны қайта құрылымдау 2003 жылы басталып, 20 шақырымнан кейін төбеге ұрғандай тоқтап қалды. Соның кесірінен көрші елден автокөлік арқылы жүк тасымалдау тұйыққа тірелді. Мұндай жағдайларды еліміздің барлық өңірлерінен кездестіруге болады. Мемлекет басшысының жол салу мен жөндеуге қатысы бар республикалық мекемелердің басын біріктіріп, бір орталықтан басқару туралы тапсырмасын қос қолдап құптаймын.

Бұл жолғы Үкіметтің отырысы бұрынғылардан өзгешелігімен есте қалды. Білім саласындағы былықтар, медицинадағы кемшіліктер, әлеуметтік қорғаудағы әділетсіздіктер және тағы басқа да салалардағы сан соқтырар тұстар түгенделді. Алдағы кезде Үкімет пен оның мүшелерінен, облыс әкімдерінен сұраудың қатал болатыны ескертілді. Енді  нақты нәтиже күтеміз.

Кенжехан РАҚЫШ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Сурет ғаламтордан алынды