БІЗДІҢ ҚОҒАМДЫ МАСЫЛДЫҚ ДЕНДЕП БАРАДЫ. БҰДАН ШЫҒАР ЖОЛ ҚАЙСЫ?

Уақыты: 20.08.2022
Оқылды: 1229
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі – жұмыссыздық. Тіпті, 30 жылдың көлемінде халықты тұрақты жұмыспен қамту толықтай шешілді деп айта алмаймыз. Түрлі мемлекеттік жобалар қолға алынса да жұмыссыздық азайған жоқ.

Қазір бізде жұмыссыздықтан гөрі, масылдық басым секілді. Кейде басылым мен интернет парақшаларында жұмысшы іздеп жатқан жарнамадан көз сүрінеді. Еңбекақысы да жаман емес. Бірақ жұмысшы жоқ. Неге? Осы мәселе жайлы аз-кем ой-толғам айтып көрейік.

Жеке шаруа қожалығы иелері бас қосқан бір жиында дәл осы сауал алдымыздан шықты. Шаруа қожалығының иесі маусымдық жұмысқа келетін жұмысшылар тапшы екенін, егістік алқабына жұмысшы таппай, жаз бойы алашапқын болатынын айтты. Осы сәтті пайдаланып, «Нұртөле» шаруа қожалығының басшысы Абай Төлебаевті сөзге тартқан едік.

– Мен егінмен айналысамын. Қазіргі уақытта тұрақты 20 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Диқанның қызу еңбегі көктемнен қара күзге дейін. Дәл осы уақытта маусымдық жұмысшы қатты қажет. Өкінішке қарай, еңбекке тартылатын адам тапшы. Біз еңбегіне қарай қолма-қол ақысын береміз. Мысалы, 1 қап картоп терсе, 150-170 теңге төлейміз. Есептеңіз, 10 қабыңыз 1700 теңге. Қызылша 230-250 теңге. Оны да жұмысының көлеміне қарай бағалаймыз. Күнделікті ақысын алып тұрады. Айдың аяғында қомақты жалақының мөлшері шығады. Шөп тиеу жұмысына да адам керек. Оның тиегені 40 теңге, түсіргені 40 теңге. Сушылардың бағасы одан жоғары. 1 гектар егінді суаруға 8 мың теңге төленеді. Ерінбей еңбектенсе, 10 гектарды бір аптада суарып тастауға болады. Аптасына 80000 теңгені кім береді? Шаруашылықтың жұмысына бармайтындар биржаның жұмысына әуес. Оларды күнде көреміз, көше сыпырып жүреді. Әрине, тазалық болғаны дұрыс. Бірақ олардың жұмысына көңілім толмайды. Басшылық тексеріп келгенде жұмыс істеген секілді көзбояушылық танытады. Қалған уақытта көлеңке қуып жүргені. Айына алатыны – 80-90 мың теңге. Бос жүріп ақша алуды қалайды. Жұмыспен қамту бөлімі тек қана әлеуметтік жұмысқа тарта бермей, осындай шаруа қожалықтарын жұмысшымен қамтамасыз етсе жақсы болар еді. Ақысының жартысын төлеуге дайынбыз, – дейді қожалық басшысы. 

Расында сылтау айтып, дайын жұмыстан қашатындардың саны артып келеді. Қит етсе, әкімдікке жүгіріп, мемлекетке ауыз ашу әдетке айналып барады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ұлы Абай үнемі сынға алған масылдық қоғамға ешқашан жақсылық әкелген емес, біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеу керек», – деген сөзі де еңбектен қашқан адамдарға қарата айтылғандай.

Осы ретте Жетісу облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласқан едік. 

Облыстық жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы Ақмейір Әбжелиева: «Жұмыспен қамту мекемесі жыл басынан бері ауқымды істі жүзеге асырды. Ағымдағы жылдың 1 тамызында жұмыспен 14719 адам қамтылды, 12120 адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 4428 адам тұрақты жұмысқа тұрды. Сонымен қатар, 1380 адамды enbek.kz порталы арқылы онлайн оқыту, 1220 адамды қысқамерзімді кәсіптік оқыту, 1340 адамды «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. Мұнда бір ғана әлеуметтік-қоғамдық жұмыс қана емес, тұрғындарды жұмыспен қамтудың 20  шақты белсенді шаралары атқарылады. Жұмысшы қажет ететін кәсіп- орындар «enbek.kz» порталына өтініш қалдыруы қажет. Жарияланған бос жұмыс орындарына жұмыс іздеуші тұрақты немесе уақытша жұмысқа орналастырылады. Бірақ оның да өзіндік заңдылығы бар. Жұмысқа өтініш білдірген адамды мәжбүрлі түрде жіберуге қақымыз жоқ. Әркім өз ықтияры бойынша барады. Жекелеген кәсіпорындардан өтініш қалдыратындар көп», – деп жауап берді.

Осы тұста ауыр жұмысқа ешкімнің барғысы келмейтіні айтпаса да түсінікті. Барлығы қоғамдық жұмыста жүріп, жеңіл ақша тапсам деп ойлайды. Дәл осы ретте ұсынылатын қызметтің ішінен жеке шаруа қожалықтарына байланысты қандай жұмыс бар екенін білуге тырыстық. Онда: «Маусымдық қысқамерзімдік жұмыстарға көмектесу. Мал байлау, жас малды өсіру, оларға орындар дайындау, жемшөп дайындау», – деген жазу тайға таңба басқандай айқын көрсетіліп тұр. Олай болса, жеке шаруа қожалықтары арнайы порталға өтініш қалдырып, іздеген жұмысшысын таба алады деген сөз.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Жетісу облысы