ЖСН (ИИН) АЛУ МЕН АЗАМАТТЫҚ АЛУДЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕДЕ? МАМАНДАР ЖАУАБЫ

Уақыты: 06.10.2022
Оқылды: 1827
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) алу мен азаматтық алудың айырмашылығы неде?

Бізге ЖСН алу мен азаматтық алудың айырмашылығы қандай деген сұрақ жиі қойылады. Жеке сәйкестендіру нөмірі - ҚР азаматтарына туған кезде берілетін 12 цифрдан тұратын бірегей сандар комбинациясы.

Шетелдік азаматтар ЖСН алу үшін ХҚО-ға жүгіне алады. Бұл ретте кез келген шет мемлекет азаматы ЖСН-ді кәсіпкерлік қызметпен айналысу үшін және қаржылық операцияларды орындау үшін ала алады. ЖСН алу мен азаматтық алу - екеуі екі бөлек нәрсе.

Қазақстан Республикасы азаматтығын ҚР аумағында кемінде 5 жыл тұрақты тұратын адамдар; елде кемінде үш жыл тұратын ҚР азаматымен некеге тұрған адамдар; сондай-ақ, Қазақстан аумағында тұратын жақын туыстары бар адамдар ала алады.

Айта кетейік, жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан аумағында тұрақты тұратын қандастар, Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар, сондай-ақ, ел аумағында тұрақты тұратын өздерінің ерік қалауынан тыс азаматтығынан айырылған немесе оны жоғалтқан, жаппай саяси қуғын-сүргiннiң ақталған құрбандары мен олардың ұрпақтары ала алады.

Бүгінде ЖСН-ні "Банк Центр Кредит" арқылы да алуға болады. Яғни, Халыққа қызмет көрсету орталығы келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жеке сәйкестендіру номерін "Банк Центр Кредит" арқылы рәсімдеу мүмкіндігін ұсынып отыр. Қазірдің өзінде 100-ге жуық шетел азаматы екінші деңгейлі банктің бөлімшелерінен өздерінің жеке сәйкестендіру номерін алып үлгерді.

Айта кету керек,  уақыт үнемдеп, көбейген кезекті азайту мақсатында Мемлекеттік корпорация шетелдіктерге eGov.kz арқылы кезекті броньдаудың қосымша қызметін құрастырды. Сондай-ақ, кезекті онлайн-броньдау қызметін EgovKzBot2.0 Telegram бот арқылы да пайдалануға болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"