Биыл Қазақстан мектептерінің 80%-на жуығы жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылады

Уақыты: 26.02.2024
Оқылды: 364
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша орта білім беру ұйымдарын жоғары жылдамдықтағы және тұрақты интернетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл интернетпен қамту 65%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылады, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Бұл шара оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға және білім беру сапасын жақсартуға бағытталған.

«Мектептерде жоғары жылдамдықтағы интернетті қамтамасыз етудің бірнеше маңызды артықшылықтары бар. Біріншіден, бұл оқушылар мен мұғалімдерге үлкен көлемдегі ақпарат пен білім беру ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік береді, оқу процесі мен ой-өрісті кеңейтуге ықпал етеді. Екіншіден, жоғары жылдамдықтағы интернет түрлі онлайн-платформалар арқылы басқа мектептермен және білім беру мекемелерімен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігін қамтамасыз етеді, коммуникацияны дамытуға және тәжірибе алмасуға ықпал етеді», – деп атап өтті цифрландыру департаменті директорының міндетін атқарушы Майра Маралбаева.

Министрлік қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту, желілік қамтуды кеңейту, деректерді беру жылдамдығын арттыру және шалғай, тұрғыны аз аудандарда интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету сияқты түрлі шараларды жоспарлауда.