ЖАНҒА ШУАҚ СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 26.02.2024
Оқылды: 591
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мүмкіндігі шектеулі, әсіресе, психоневрологиялық аурумен ауыратындарды бейімдеуге бағытталған орталықтар ашу Мемлекет басшысының Жолдауында жиі айтылады. Бұл облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВТЫҢ тұрғындармен кездесуінде де ұдайы көтерілетін тақырып. Міне, жұрттың көптен күткен үміті ақталып, психоневрологиялық аурулармен ауыратындарға қызмет көрсететін күндізгі бөлімше облыста алғаш рет ашылды. Жаңа нысан Талдықорған қаласы, Желтоқсан көшесі, 277 «А» үйіне орналасқан. 


Нысанның ашылуында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев нысанның тыныс-тіршілігімен танысты.  – Жыл басында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан мүгедектерге жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін «Жан шуақ – Жетісу» қоғамдық бірлестігімен           3 жылға келісімшарт жасалды. Мақсатымыз мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтендіру және қоғамға, тәуелсіз өмірге бейімдеу болатын. Осыған орай, жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Қолданысқа берілген бөлімше  18 жастан 35 жасқа дейінгі мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуде,  – деді ол. Екі қабатты ғимаратқа орналасқан бөлімшенің жағдайы жақсы, мүмкіндігі мол. Емдік дене шынықтыру залы велотренажер, жүгіру жолы құрылғыларымен бірге үстел теннисі,  гантель, гир, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, гимнастикалық доп, тігін машинасы, тоқуға арналған жиынтықтар, жаттығуға арналған жгут, массаж креслосы, мәдени шаралар өткізуге арналған музыкалық аппаратура, маркер тақтасымен жабдықталған. Медициналық көмек көрсетуге және арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін мамандарға арналған кабинеттер заманауи құрал-жабдықпен толыққан. 

Демалуға арналған жатын корпусы керекті құралдармен қамтамасыз етілген. Мұнда қызмет алушылар 4 мезгіл тамақтанады. Оңалту, емдеу, білім берумен қатар мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. 

Дәрігерлік көмек көрсетіліп, әлеуметтік-медициналық мәселелер бойынша кеңес беріледі. Балалармен қатар отбасы мүшелеріне де психологиялық көмек жасалады. Арнайы оқу бағдарламасы бойынша  білім алуына жәрдемдеседі. Еңбек дағдыларын қалыптастырып, тиісті әлеуметтік жеңілдіктер, жәрдемақылар алуға қатысты заңгерлік кеңес беріледі.  – «Жан шуақ – Жетісу» қоғамдық  бірлестігінің  жобасы облыс әкімінің қолдауымен, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының үйлестіруімен жүзеге асты.  30 орынға арналған бөлімшеге  18 қызметкер жұмысқа алынды. Оның ішінде психолог, дефектолог, мұғалім, жаттықтырушы, әлеуметтік қызметкер бар. Қызмет алушыларға тұрмыстық, медициналық, психологиялық,  педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқық саласы бойынша қызмет көрсетіледі. Қызмет алушылар таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін орталықта болады. Оларды тасымалдау үшін 16 орынды автокөлік жалға алынды. Алдағы уақытта ауланы қоршап, жазғы демалыс орындары мен бассейн құрылысын салуды жоспарлап отырмыз, – дейді «Жан шуақ – Жетісу» қоғамдық бірлестігінің басшысы Гүлназ Тілеуберлинова. Расында, психоневрологиялық аурумен ауыратын жастарды үйде қараудың өзі отбасы мүшелеріне үлкен салмақ түсіреді. Одан бөлек, олардың өмір сүру сапасы, қоғам өміріне қатысуы да қиын болары анық. Қаншама ата-ана ауру балаларды қараймыз деп мамандығы болса да жұмысқа шыға алмай үйде отырғанын есептей беріңіз. Аталған бөлімше ата-аналардың сол қиындығын жеңілдететін болады.  – Ата-ана ретінде алғысым шексіз. Бала қараумен үйде отырғаныма 15 жылдан асты. Олардың жүрегі таза, көңілі пәк болғанымен ортаға бейімделуі қиын. Қонаққа, кездесулерге бара алмай қаламыз. Мамандығым мұғалім болғанымен бала қараумен жұмыс істей алмадым. Қазір зейнеткермін, жұмыс өтілім болмағандықтан зейнетақым да дұрыс болмады. Қазір қаншама жас ата-ана мен секілді күй кешіп жүр. Сондықтан осындай орталықтар көбірек ашылса, олардың да өз қалауымен жұмыс істеуіне мүмкіндік болар еді, – дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Ләззат Арыстанова. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көрсетілген тапсырмасына орай қоғамдық бірлестіктерді тіркеу тәртібі жеңілдетілді. Себебі, бүгінгі таңда үкіметтік емес ұйымдардың жобалары көптеген түйткілді мәселені шешуге мүмкіндік ашуда. Жаңадан ашылған орталық та солардың қатарында. – Жаңа орталықтың ғимаратын жөндеу, техникалық жабдықтау, абаттандыру жұмысын бірлестік өз қаржысымен жүргізеді. Ал басқарма тарапынан 4 уақыт тамағы, басқа да шығындары үшін әр балаға күніне 5,500 теңге мемлекет есебінен төлеп отырамыз. Бұл мемлекетке жеңілдік, қоғамдық бірлестіктің жұмысын ілгерілетуге дем береді. Алдағы уақытта осындай қоғамдық бірлестіктердің жұмысын жандандыру керек, – дейді Ермек Мизамбаев. Басқарма басшысы алдағы уақытта осындай орталықтарды ашу туралы Алакөл, Сарқан, Панфилов, Қаратал  аудандарынан өтініштер түсіп жатқанын жеткізді.

Қажет АНДАС