НАУРЫЗ-ДУМАН: ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТАЛ ЕГІЛІП, АҒАШ ТҮПТЕРІНЕ АҚ ҚҰЙЫЛДЫ

Уақыты: 22.03.2021
Оқылды: 1364
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлыстың ұлы күні - Наурыз тойын Талдықорған қаласы игі іспен бастады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Көктемнің жадыраған шуақты күні - 22 наурызда таңмен таласып, бір-бірін мерекемен құттықтаған жетісулықтар жақсы тілек тілесіп, жадырасумен бірге ағаш егу шарасына куә болды. Талдықорған қаласында бой көтерген жаңа Студенттер үйінің алдына ағаш отырғызылды.

Сауабы мол, мереке айшығының бірі болып саналатын ағаш отырғызу ісіне Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ермек Келемсейіт, облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли, Талдықорған қаласы әкімі Ержан Жасыбаев және студенттер қатысты.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесі мен Наурыз тойын ұштастырған әкімдік өкілдері жастық шақтың ыстық мекені - студенттер жатақханасының алдына отыз дана тал егіп, Ұлыстың ұлы күнінде ізгі тілектерін ақтарысты. Игілікті істе ер-азаматтар ағаш егуге атсалысса, әжелер ақ мол болсын деген ырыммен көшет түбіне ақ құйып, тілеу тіледі.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы