ОБЪЕКТИВТІҢ АР ЖАҒЫНДАҒЫ СҰЛУЛЫҚ: ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ ФОТОКӨРМЕ

Уақыты: 24.03.2021
Оқылды: 986
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорғанда "Объективтің ар жағындағы сұлулық" атты фотокөрме ұйымдастырылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Наурыз мерекесінің құрметіне өткен фотокөрме Журналистер үйіне қойылды. "Ұлттық болмыс" тақырыбын арқау еткен шарада өңірге танымал фотограф-таспагерлер қатысты. Бастамаға Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы "Jetisý Media" КММ ұйытқы болды.

Көрмеде Жетісу жұртына есімі жақсы таныс Жеңіс Ысқабай, Жұмабай Мұсабеков, Сергей Щербаков, Марат Толқынов сынды фотографтардың 30-ға жуық үздік суреті ұсынылды. Олар өз туындылары арқылы қазақ халқының ұлттық болмысын, тарихи тұрмысын, бүгінгі тыныс-тіршілігін жеткізе білді.

Мысалы, көрме қатарында 15 жыл бұрын 93 жастағы қарияның көкпар ойыны кезінде түсірілген суреті бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай көрме тұрақты түрде өтеді және оған кез-келген ниетті адам қатыса алады.

Фотокөрме төл өнерді одан әрі дамытуға, ынталандыруға, көркемдік деңгейін арттырып, мәдени мұраны сақтауға негіз болмақ. Бұдан бөлек, бұл шара азаматтардың назарын өнерге аудару, кәсіби фотосуретшілер, таспагерлер және шығармашылық саланың басқа да өкілдері арасында тығыз байланыс орнату, жаңа көркемдік нысандарды іздеу мақсатында өткізілді. Алдағы уақытта Жеңіс мерекесіне орай "Мәңгілік естелік", "Талдықорған беттері", облыс орталығының, волейбол клубының 20 жылдықтарына және футбол клубының 40 жылдығына орай "Жетісу спорты" фотокөрмесін өткізу жоспарлануда.

- Өте жақсы идея, бізде жиі жарияланбайтын суреттер өте көп және көрме - бұл адамдарға біздің жұмыстарымызды көрсетудің өте жақсы мүмкіндігі. Өз суреттерімізде біз шынайы өмірді жеткізгіміз келеді. Питер Адамс айтқандай, көрнекті фотосурет – бұл өріс тереңдігі емес, сезім тереңдігі, - деп атап өтті көрмеге қатысушы "Жетісу" газетінің фототілшісі Жұмабай Мұсабеков.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"