МҰҚАҒАЛИДЫҢ ҰЛЫ ТАЛДЫҚОРҒАНҒА КЕЛІП, ӘКЕСІ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІКТЕР АЙТТЫ

Уақыты: 28.03.2021
Оқылды: 1110
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ поэзиясының інжу-маржанын шығармашылығына түзген телегей талант иесі, мұзарт таудың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына орайластырылған игі шаралар жер-жерде шымылдығын түріп, иісі қазақ сақарасында мерейлі кештер салтанат табуда. Ақынның кіндік қаны тамған атырапта бастау алған рухани кештің бірі Талдықорған қаласындағы М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

«Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты кездесу кешінің шымылдығын облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Жұматай Оспанұлы ашып, жүргізіп отырды. Ол қасиетті Қарасазда от жүрегін тулатып өмірге келіп, күллі қазағының жүрек төрінен тақ сайлаған талант-тақсырының қуат-күшін, шығармашылық кеңістігін, рухани әлемі мен өміріндегі есті естеліктерін айрықша атап өтіп, кездесу кейіпкерлерін таныстырды.

Өз кезегінде алғашқы болып сөз алған Алматы облыстық мәдениет, арихвтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев ұлы ақынның шығармашылығы туралы тебірене термеледі. Сонымен қатар, қазақ поэзиясының құдіреті жайлы сөз етіп, ақын шығармашылығын насихаттау, есімін ұрпаққа үлгі ету мақсатында атқарылып жатқан ілкімді істерге тоқталып, Мұқағалидың ұлы Жұздыз бен келіні Бақытгүлдің иығына оқалы шапан мен камзол жапты. Сонымен қатар, ақын мұрасын насихаттаушы, қазақ сатира өнерінің сайыпқыраны Асқар Наймантаев пен ҚР Халық әртісі Алмахан Кенжебекова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбаевқа да ерек құрмет көрсетілді.

Мен ХХІ ғасырдың құрдасымын деп есті естелігінде шығармашылығы жайлы ғажайып тұжырым жасап кеткен текті ақынды еске алу кешінде Рамазан Жұмабайұлы атты балауса жас шайырдың «Наурыз» өлеңін тебірене оқыды. Ал асылдың тұяғы, көненің көзі болған Мұқағали баласы Жұлдыз әкесі туралы естелігімен бөлісті. 1976 жылы Мұқағали ақын қаза тапқаны Жұлдыздың есінде мәңгі сақталып қалыпты. Ақынның жаназасы шығарылар күні аспан алабұртып, ақ жауын себездепті. Ұлы денені Кеңсайдың құшағына табыстап, онда Әбділдә Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаевтар ақтарыла сөйлеп, қайтар жол сілеміне түскенде Кеңшілік Мырзабеков Жұлдызға: «Ақ жауынға сыймаған әкең қара жер қойнына сыяр деймісің?! Көресің, күні ертең-ақ әкеңнің даңқына қанық боласың!» - деп басу айтыпты. Жадында жаңғырып қалған осындай естеліктерді ақтарған Жұлдыз Мұқағалиұлы шындығында әкесінің асқақ болмысы жыл өткен сайын заңғарланғанына куә болғанын ерекше атап өтті.

– Мұқағали атамның өлмес өлеңі өміріміздің шырақшысындай болды. Жұлдыз екеуміздің қызымыз 22 жасында жалған дүниемен қоштасып, қара жамылып, қайғы шектік. Қашанда атаның отты жырымен жылынатын жанымызға ақын өлеңінен ем іздедік. Сол уақытта "Атам бізге осындай түнектен алып шығар шұғылалы жыр жазып қалдырған болар" деп томдығын ашып қалғанда:

«Қайсыбір, қатыгез сағатта,

келеді өмірді тастағың.

Сонда да үмітті жоғалтпа,

Қаралы күндерден қашпағын...»  – деп келетін жыр жолдарын оқып, қуат алдық, – деп тебіренген Бақытгүл Қыдырбайқызы ақынға келіндік міндетті атқара алмағанымен, оның рухына қызмет ету бақыты бұйырғанын тебірене жеткізді. Өз кезегінде ол «Мұқағали» қорының шығарған «Өмірдастан» кітабы мен ақын энциклопедиясын М.Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайына табыс етіп, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы М.Көлбаевқа, ұлы ақын жырларын оқыған жас өлеңсүйер балаларға кітап үлестірді.

Ақын туған топырақта өмірге келіп, рухани ұстазы тұтып, өзі те деатр және кино өнері саласында ерен еңбек еткен ҚР Халық әртісі Алмахан Кенжебекова сөз сөйлеп, ақынға деген арнауын оқыса, сатира саңлағы Асқар Наймантаев әр буынның өз Мұқағалиы барын, алып ақын ғасырлар өтсе де, замандар ауысса да, келер ұрпақтың ыстық тамырында тулап ағатынын ерекше атап өтті.

Ғажайып сыр шертілген, ақын әлемі туралы толғаныстар мен тебіреністер термеленген кеште балғын жастар өлең оқыса, «Тас жүректі тіліммен тілімдедім» облыстық мүшәйрасының жеңімпазы Азамат Нұрмұхан ақынға деген арнауын ақтарды. Театр өнерінің майталманы Кендебай Темірбаев ақтаралы сөз сөйлеп, ән әуелетсе, Құралай Шаяхметова, Бақытгүл Әбенова сынды әншілер ақын сөзіне жазылған әннен шашу шашты.

Ұлы махаббатпен жыр түлеткен қазақ жырының жанартауы жайлы өткен ғажайып кештен көрермен ерекше әсермен тарқасты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы