ТӨРТІНШІ ТОҚСАНДА БАЛАЛАР ҚАЛАЙ ОҚИДЫ? БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖАУАБЫ

Уақыты: 01.04.2021
Оқылды: 1083
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Жетісу медиа» ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекова оқушылардың ІV тоқсандағы оқу форматы және алдағы жаңа оқу жылына 1-сынып оқушыларын қабылдау тәртібімен таныстырды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

«IV тоқсанда оқушылар қалай оқиды?» деген сауалға жауап берген басқарма басшысының орынбасары жасыл және сары аймақтардағы барлық сыныптардың оқушылары аралас форматта оқитынын, қызыл аймақта мектепалды даярлық, 1-5 сыныптардың (халықаралық мектептерде 1-7 сыныптардың) оқушылары аралас форматта оқитынын, сыныпта балалар саны 25-тен аспауы қажеттігін жеткізді. Ал 9,11 (12) сыныптар аптаның 6 күнінде аралас форматта оқиды, сыныпта балалар саны 15-тен аспауы тиіс.

Республиканың барлық өңірлерінде контингенті 300 оқушыға дейін мектептерде балалар дәстүрлі форматта оқиды, сыныптағы балалар саны 25-тен аспауы қажет, сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады.

IV тоқсанда Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің 2021 жылғы 25 наурыздағы №6 Қаулысына сәйкес, санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, контингенті 300 оқушыға дейін, қалалық және ауылдық мектептерде балалар саны 15 адамға дейін дәстүрлі форматта оқытуға, 1-5 сыныптарды қоса алғанда кезекшілік сыныптардағы балалар саны 15 адамға дейін, мектеп бітіруші 9,11-сыныптар аралас форматта (сыныпта 15 адамнан артық емес) оқу жоспарланып отыр.

Жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Қаулысы негізінде Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кеген, Кербұлақ, Панфилов, Райымбек, Сарқан, Ұйғыр аудандары және Қапшағай қаласы аралас форматта оқиды. Жамбыл ауданында 5 мектеп толық қашықтықтан, бала саны 300-ге дейінгі 26 мектеп штаттық режимде, қалған 31 мектеп аралас форматта, Көксу ауданында 4 мектептің 1-5 сыныптары қашықтықтан, 9,11 сыныптары аралас форматта, қалған 21 мектеп аралас форматта, Қаратал ауданында 8 мектептің 1-5 сыныптары толық қашықтықтан, ал 9,11 сыныптары аралас форматта, бала саны 300-ге дейінгі 12 мектеп штаттық режимде қалған 10 мектеп аралас форматта, Іле ауданында 9 мектеп толықтай қашықтықтан, қалған 39 мектеп аралас форматта, Текелі қаласының тек 2 мектебі штаттық режимде, қалған 6 мектеп қашықтықтан оқуды ұйымдастырады.

Жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Қаулысы негізінде Балқаш, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар аудандары және Талдықорған қаласы мен облыстық мекемелер толық қашықтықтан оқуға көшеді.

Ал оқушыларды 1-сыныпқа қабылдау 1 сәуірден басталмақ.1-сыныпқа алты жасар және ағымдағы күнтізбелік жылы 6-ға толатын балаларды қабылданады. Оқушыларының құжаттарын қабылдау 1 тамызға дейін жалғасады. Құжаттарды egov.kz арқылы және қағаз жүзінде беруге болады.

2020-2021 оқу жылында 1-сыныпқа 47 007 бала қабылданса, ағымдағы жылға 1 сыныпқа 47 700 бала қабылдау жоспарланып отыр.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығының 15 тармағына енгізілген өзгерістер бойынша ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 маусымдағы №264 бұйрығына сәйкес мамандандырылған білім беру ұйымына түсуге үміткерлердің ата-аналарынан (заңды өкілдерінен) конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау ағымдағы жылдың 1 наурызынан 1 сәуірге дейін жүргізіледі. Алайда қазіргі эпидемиологиялық жағдайға қарай құжаттарды қабылдау 15 сәуірге дейін ұзартылды.

Өткен үшінші тоқсанда жалпы орта білім беретін 760 мектепте 428 мың 183 оқушы білім алды. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты 292 мектеп штаттық режимде жұмыс жасады, қамтылған бала саны – 34005.Аралас форматта 1-5 сыныптарда 197710 оқушы білім алса, 9, 11 сыныптарда 46306 оқушы. Ал, 468 мектепте 150162 оқушы қашықтықтан білім алды.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан