НАРЫНҚОЛДА МҰҚАҒАЛИ ТУРАЛЫ 700 БЕТТІК ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Уақыты: 23.05.2021
Оқылды: 1480
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жақындық сеземін,

Жерден де, аспаннан.

Жылылық сезінем,

Мұздардан, тастардан.

Өмірім сірә да әріден басталған,

Әріден басталып, мәңгіге тасталған.

Осы мен өлмейтін шығармын,

Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын, – деп Мұқағали Мақатаевтың өзі айтқандай, ХХ ғасырдың таңғажайып ақыны, дара талант, шоқтығы биік дарын иесі сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрды. Шүкір, Мұқағалидай аяулы ақынының артында қалған іздеуші, сұраушы, жоқтаушы інілері, ел-жұрты, қалың оқырманы бар жерде Қарасаз топырағында туған қастерлі ұлдың өлмейтін, мәңгілік екінші ғұмыры соқпағын салып келеді. Ақынның 90 жылдығында өзгені айтпағанның өзінде дүниеге келген қасиетті Қарасазда, еңбек жолы өрілген Нарынқол топырағында ізгі де игі шаралар бірінен соң бірі жалғасын тауып келеді. Соның жарасымды жалғасы ретінде Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына таулы өлкеден шыққан қарымды жазушы, публицист, қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисі, биыл 75 жасына келген Жақыпжан Нұрғожаев қымбат тарту-таралғысын жасады.

Атап айтқанда, Мұқағалидың өмірі мен шығармашылығына жүргізген терең зерттеу жұмыстары, эсселері, әңгімелері мен ақынның көзін көрген айтулы замандастары, қазақтың біртуар азаматтарымен жүргізген сұхбаттары негізінде жазылған, дайындалған «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты кітабы жарық көрді. Бұл ақынның мерейлі де мерекелі жылындағы айтулы дүние, мұқағалитануға қосылған қымбат қазына, ұлтымыздың әдебиетін толықтырған қомақты қолтаңба болып қалды.

Райымбек ауданының орталығында Баққожа Мұқай атындағы Мәдениет үйінде Мұқағалидың 90 жылдығы, Жақыпжан ағамыздың 75 жылдығы аясында аталған кітаптың тұсауы салтанатты түрде кесілді. Мұқағалидай таңғажайып ақынның туған өлкесінде кезекті ақын тойы, поэзияның мерекесі, кітаптың қуанышы орнымен аталып өтті. Жақыпжан ағамыз дүниеге әкелген 700 бетке жете-қабыл кітап Мұқағалидай ақынның артындағы іздеушісі, жоқтаушысы, мұрасын түгендеушісі болып жүрген еңбекқор бірегей жазушы інісінің бар екенін айқын көрсетті.

Жақыпжан Нұрғожаев – Мұқағалидың атасы Райымбектей батыр бабамыздың 300 жылдығында алғашқы саны ел қолына тиген, шыға бастағанына бүгінде 16 жылға аяқ басқан, мұқағалитанудың бастауы болған «Мұқағали» журналының жарық көруіне негіз қалаған жандардың бірі.  Мұқағали туралы хикаяттардың желісінен құралған, алғашқы роман-эпопеяның жүгін көтеріп тұрған көлемді туынды, қомақты кітап арқылы Мұқағали мен Асқар Сүлейменовтің арасындағы диолог арқылы көп дүние көз алдыға келеді.

Нұрғиса мен Мұқағалидың, Мұқағали мен Шәмшінің, Мұқағали мен Бексұлтан Нұржекеевтің арасындағы таныстық, қарым-қатынас бәрі-бәрі әсерге толы. Кітаптың екінші бөліміне Мұқағали туралы әссе-әңгімелер топтастырылған. Мұқағалидың ақын Олжас Сүлейменовпен, әнші Бақыт Әшімовамен, Төлеген Айбергеновпен, Ғабит Мүсіреповпен, Тоқаш Бердияровпен өрбіген әңгімелері ең құнды естеліктер болып табылады. Әйгілі Олжас ақынмен Шәлкөдеге сапар шеккені, Ғабиттің өзіне алтын жалатылған қаламын сыйға тартуы сондайлық әсерлі. Осынау берері көп, ұсынары жетерлік қымбат қазыналы кітапқа қолдаушылығын көрсеткен белгілі меценант, алтын жүректі азамат Амангелді Ермегияевтің Мұқағлимен жол үстінде кездесуі де көркем тілмен әдемі өрілген.

Әсерлі әдеби кешті Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, « Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иесі, ақын Бақыт Беделхан жүргізіп отырды. «Хантәңірі» халық театры  аталған кітап негізінде дайындалған ақын туралы шағын сахналық көрінісімен кеш шымылдығын ашты. Мұқағали мен Асқар Сүлейменов арасындағы шынайы диалог көпшілікті тебірентті. Сахналық қойылымды осы өңірдің белгілі азаматы, өнер тарланы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев дайындапты. Жүрек тербеген қойылымнан кейін сөз бастаған Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов:

– Жазушы жерлесіміз Жақыпжан Мұсабекұлы қазақ әдебиетінің мұқағалитану деп аталатын ғылымын жаңа да тың деректермен толықтырды. Бұл үшін аспантаулар өлкесінің атынан, өлең сүйер, өнерді жоғары қоятын елі-жұртының атынан үлкен алғыс сезімімді білдіремін, – дей келіп, әрдайым ақынын ардақтап, өнер мен өлеңді биік қоятын өңір тұрғындарының атынан мерейтой иесіне зерлі шапан жауып, шығармашылық табыс тіледі. Осыдан кейін Жетісу жерінен шыққан жыршы-термеші, суырып салма ақындардың бірі Серік Сүйіндік жырдан шашу шашты.

Шарада белгілі әдебиет сыншысы, жазушы Бақыт Сарбалаев, «Қазақ әдебиеті»  газетінің бас редакторы Дәурен Қуат бастаған игі жақсылар да лайықты сый-құрмет көрсетіп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Мұқағали туралы жаңа кітап иесімен өткен ғасырда Жалаңаш ауылындағы мектеп-интернаттың қара нанын бөлісіп жеген естелігімен бөліскен Райымбек ауданының бұрынғы әкімі Байғожа Нұрғожаев та жылы лебізімен қатар кеш тізгінін ұстаған айтулы арқалы ақын Бақыт Беделханның арқасына шапан жауып, құрметін көрсетті.

– Ашығын айтайын, Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерін бірі Жақыпжан Нұрғожаевты өз басым жазушы деп бағалай қоймайтынмын. Мықты журналист, публицист, қаламгер, білікті ұйымдастырушы деп бағалайтынмын. Осы кітап қолыма тиген соң бас алмай оқып шықтым. Алған әсерім ұшан-теңіз. Осы бір үлкен еңбек арқылы Мұқағали туралы тың дүниелерді, соны оқиғаларды кезіктіріп, ақын туралы түсінік-танымым одан сайын арта түсті. Мұқағали мен Лашынның арасындағы махаббат сезімін айтыңызшы?! Кейбіреулер Лашын жайлы кері әңгімелер айтады. Мұқағалиды танып-білу үшін осы кітапты оқу керек. Осы кітап арқылы Жақыпжанды нағыз жазушы деп таныдым, тілі шебер сөз зергері деп бағаладым. Мұқағалидай ақын ағасының іздеушісі, сұраушысы болып жүрген қажырлы еңбегі ақталып жатыр. Жақаңның жас дарын иелеріне, талантты жас журналистерге жасаған жақсылығы, ағалық қамқорлығы өз алдына бөлек әңгіме, – деді белгілі қоғам қайраткері, ардагер журналист Рысбек Сәрсенбаев.

Тұсаукесерде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Талдыбек Нұрпейісов университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ, Жақаңның үміті мен сенімін ақтаған талантты журналист інілерінің бірі, жақында ғана ҚазҰУ жанындағы «Қазақ университеті» баспасының бас редакторы болып іске кіріскен Кәдірбек Құныпияұлы сөз алып, жүрекжарды арнау өлеңін оқыды.

Жақыпжан Нұрғожаев облыс айнасы – «Жетісу» газетін ұзақ жылдар басқарған айтулы редактор, білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, қамқор аға бола білді. Жазу өнеріне деген қабілет-қарымын танып, талантын бағалап, дарынын қадірлеп жұмысқа алған, журналистік жолдағы қадамына сәттілік тілеген журналистер қауымы жетіп-артылады. Кітап тойында Жақаңның шәкірттері, «Жетісу» газетінің Қарасай, Іле аудандарындағы тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Қуат Қайранбаев, редакция меңгерушісі Қуаныш Тұнғатар ақжарма тілектерін жеткізіп, «Өлке тынысы» ЖШС мен газетіміздің бас редакторы Әміре Әріннің атынан мерейтой иесіне шапан жауып, естелік сыйлық табыстады. Сонымен бірге, осынау әсерлі кешке «Нұр Отан» партиясы Ұйғыр аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Мұқажанұлы, «Ұрпақ парызы» қоғамдық ұйымының төрағасы Жанет Керімқұлов, зейнеткер ақын Мамытхан Құдайбергенов арнайы қатысып, аудан атынан жазушының арқасына шапан жауып, ыстық ниеттерін бөлісті.

Кеш соңында Мұқағали туралы «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты кітаптың авторы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Президенті сыйлығының иегері Жақыпжан Нұрғожаев қорытынды сөз алып:

- Осынау басқосуды ұйымдастырған азаматтарға, құрмет көрсеткен баршаңызға алғысымды айтамын. Ел-жұртымның ортасында аман-есен 75 жасқа толған шағымда маған айтылған жылы сөздердің, пікірлердің, ниеттердің барлығы жанымды жадыратты, көңілімді марқайтты. Жазушы үшін, қаламгер үшін еткен еңбек, төккен терінің жемісін көргенінен артық қуаныш пен бақыт жоқ. Мен сондай күйдемін. Бүгінгі кітап – үлкен істің бастауы. Аман-есен болсақ, ақын жайлы үлкен томдық құрастыруды  көздеп отырмын, – деді.

Мұқағалидың 90 жылдығы аясында ақын жайлы дәл осындай тамаша кітапты ұсынған Жақыпжан ағамызға көпшіліктің айтар алғысы, көрсетер құрметі аз болған жоқ.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Райымбек ауданы

Алматы облысы