АЛАКӨЛ АУДАНЫ БОЙЫНША 784 ЖАС ТҮЛЕК ҮЛКЕН ӨМІРГЕ ҚАНАТ ҚАҚТЫ

Уақыты: 25.05.2021
Оқылды: 1620
Бөлім: РУХАНИЯТ

Дүниежүзін дүрбелеңге салған тәжвирусының салдарынан биылғы оқу жылы да онлайн форматта өтіп, шәкірттер қашықтықтан білім алуға мәжбүр болды. Бұл өз кезегінде білім беру саласына едәуір зиянын келтіріп отырғаны да белгілі. Алайда түлектердің жүрек дүрсілін жиілетіп, мектеппен қоштасар «Соңғы қоңырау» мерекесін оффлайн өткізуге мүмкіндік туды. Бірақ тек тоғызыншы және он бірінші сынып оқушылары ғана сап түзеп, қоңырау сыңғырын тыңдады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Осы ретте Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов Үшарал қазақ гимназиясы түлектерінің қуанышын бөлісіп, мерекелік жиынға қатысты.

Аудан басшысы А.Абдинов: «Міне, қызығы мен қиындығы мол кезекті оқу жылы тәмамдалды. Бұл білім сапарында шәкірттер ұлағатты ұстаздарының арқасында тәлімді тәрбиеге сусындап, келешектерін ақыл-санамен қалауға қол жеткізді. Жаһандық бәсекедегі бәсіміздің жоғары болғанын қаласақ, ең алдымен, ізімізді жалғар жас ұрпақтың білімдегі үлесіне ерекше назар аударғанымыз жөн. Карантиндік талаптарға байланысты оқу жылы өзіндік ерекшеліктерімен өтті. Алайда ұстаздар мен оқушылардың өзара байланысы, кәсібилігінің арқасында ойдағыдай аяқтап отырмыз», - дей келе, түлектердің алдағы сапарына сәттілік тіледі.

Сөз алған Үшарал қазақ гимназиясының директоры Қорлан Құсайынова: «Бүгін, міне, мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қанат қағар түлектер ерекше күйге бөленуде. Бір жағынан мектептерін қимаса, екінші жағынан бейтаныс үлкен өмірге деген қызығушылық олардың алға қадам басуға деген құлшыныстарын еселеуде. «Мектеп – теңіз, білім – кеме» демекші, осынау шеті мен шегі жоқ ұшан-теңіз білім мұхитын кезген бүгінгі шәкірттер Қазақстанның болашағын қалайтын бірден-бір буын өкілдері», - дей келе, аталған білім ордасының осы оқу жылындағы жетістіктеріне тоқталды. Биыл бұл мектепте 708 оқушы білім алды. Түлектер саны 32, олардың 4-еуі «Алтын белгіге», 3-еуі «Үздік аттестатқа» үміткер. Білім сапасы 82,2 пайызды құрап отыр.

Ертеңгі күнге сеніммен қарайтын түлектердің жүрегінде қимастық сезімі бар екендігі көздерінен-ақ көрініп тұр. Соңғы вальстарын тебірене билеген олардың болашақта әлем аренасында «Қазақстан жастары» деген брендті қалыптастыруға өзіндік үлестерін қосады деген үміттеміз. «Бүгін біз соңғы қоңыраудың сыңғыры естілген сәттен бастап үлкен өмірге аяқ басамыз. Осы сапарда алда кезіккен ешбір қиындықтан мойымай, тек биікке қарай қадам баса бермекпіз. 11 жылдық біліміміздің негізін қалаған ұстаздарымыз бен бауыр етім баламның қамы үшін деп барларын аямаған ата-аналар үмітін ақтаймыз деген ойдамыз. Жалғыз Отанымыз - Қазақстанның келешегін қалауда өзіндік таңбасын қалдырар азаматтардың қатарынан табылуға барымызды саламыз», - деді «Алтын белгі» үміткері Назерке Даниярқызы.

Карантиндік талаптарға байланысты аудан мектептерінде «Соңғы қоңырау» мерекесін түске дейін 11-сынып түлектері, түстен кейін 9-сынып оқушылары атап өтті.

Айта кетерлігі, биыл Алакөл ауданында 13 378 бала оқу жылын тәмамдап отыр. Барлығы 784 түлек, олардың 56-сы «Алтын белгі», 53-і «Үздік аттестат» үміткері. ҰБТ тапсыруға 686 түлек ниет білдіріп отыр.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы